Бүгін - Қазақстан халқының тілдері күні. 1998 жылдың 20 қаңтарында елімізде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды.
Жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстар тойлап келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда 100-ден асатын ұлттардың біразында өз тілдерін оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмыс істеп тұр.
Алайда бір күннің ішінде, әрине, Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан ондаған халықтардың бұл бағыттағы жетістіктерін көрсету мүмкін емес. Сондықтан барлық облыстарда тілдер апталықтары, онкүндіктері, айлықтары, фестивальдары өтеді. Еліміздегі бірлік пен келісімді білдіретін шаралар аясында өнер шеберлерінің концерттері, тілдерді меңгеру бойынша конкурстар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар өтеді.
онымен қатар бүгінде Қазақстанда ұлттық әліпбиді латын қарпіне көшіру үрдісі аясында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз.Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - делінген Елбасының Жолдауында.
Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары мемлекеттік тіл - қазақ тілін меңгеруге зейін қойып, қазіргі уақытта мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат етіп отыр.
Биыл тілдер мерекесі аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен елордадағы «Конгресс - Холл» сарайында мемлекеттік тіл мерекесіне арналған «Мәңгілік ел - мәртебелі тіл» шарасы өтті. 5 қыркүйекте ашылу салтанатынан бастау алған Қазақстан халқы тілдерінің ХVІ қалалық фестивалі аясында «Үздік жарнама», «Тіл - халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты байқаулар, жас ақындар мүшәйрасы, Отан - отбасынан басталады» атты мерекелік шара, «Кемел тілдің келешегі» атты акция өткізілді.
Сондай-ақ, Көкшетауда тілдер айлығы аясында «Халықтар достығының алтын кілті» қалалық фестиваль өтіп, бірқатар тіл жанашырлары қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ал Қарағандыда Кеншілер мәдениет сарайында «Тіл жанашыры» байқауының жүлдегерлеріне облыс әкімінің сыйлығын табыстау рәсімі болды. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков атап өткендей, өңірде осымен үшінші рет өткізіліп отырған байқау мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар мәлім еткендей, биыл байқауға қатысуға 50 өтінім түскен, оның 18 конкурсқа қатыстырылған. Қазылар алқасы түрлі аталымдар бойынша 6 жеңімпазды анықтады.
ҚазАқпарат