Басты Жаңалықтар Түркістан облысындағы шаруалар субсидия ала алмай жүр

Түркістан облысындағы шаруалар субсидия ала алмай жүр

Түркістан облысында шаруалар «Аграрлық несие корпорациясына»  қарызға белшеден батты. Айтуларынша, қаржы ұйымынан шаруашылықты жүргізуге 6 пайызбен несие алған. Қалған 16 пайызын Ауыл шаруашылығы басқармасы субсидиялап беретін болып келісілген. Алайда басқармамен келісімге тұрғандарға жыл басынан бері субсидияның қаражаты түспей, қарыздарын қайтара алмаған. Бүгінде қарыздарының пайызы өсіп, күн сайын үстеме ақшасы қосылуда. Оған қоса қаржылық ұйым қызметкерлері күнде қоңырау шалып, тынышымыз алды дейді шаруалар. Сондай-ақ кепілге қойған жылжымайтын мүліктері де күйіп кететін түрі бар.

Сейдолла Құлманов, шаруа:

Менің төлейтінім 500 мың-ақ ақша еді. Ал мен 1 млн 650 мың төледім. Қазір  екінші негізгі қарыз бен екінші процент төлейтін уақыт келіп қалды, желтоқсанда. Ал ол 6 млннан асады. Ал біз сол малды тауысатын болдық алған малымызды. Малдың барлығын құрта берсек, ертең тексеру болады.

Арман Тұрлыбеков, шаруа:

Қазір үш ай болды, маған күнде хабарласады. Үстіндегі субсидияның ақшасын күнде құясың дейді. Олай болғанда мен кепіл тікпей-ақ алар едім, 20 млн теңгені. Біз малды тауыстық сатып, енді екі рет сатсақ, мал таусылады. Төлемесе, субсидия жойылады дейді. Үстеме жүріп жатыр дейді.

Несие қарыздарын айтып келген шаруаларды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы қабылдады. Басқарма басшысының орынбасары Жорабек Жолдасбековтың айтуынша, жеңілдетілген несиені өткен жылы 5 мыңға жуық шаруа алған. Ал биыл тағы үш мыңдай тауар өндіруші қосылыпты. Сондықтан жоспарланған қаржы жетпей қалғанын алға тартты. Қазірдің өзінде бұл қарыз 9 млрд 800 млн теңгеге жетіпті.

Жорабек Жолдасбеков, Түркістан облыстық а/ш басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір қосымша қаражат сұрап жатырмыз. Қосымша қаражат бөлінген жағдайда кредиттік ұйымдардың несие мөлшерлемесін төмендету бойынша төленіп беріледі. Біз қыркүйек айында өтінім бергенбіз. Енді ол бюджет қарау кезінде нақты шешіледі.


Бөлісу