Басты Жаңалықтар «Таза бейсенбі» акциясы еліміз бойынша жалғасып жатыр

«Таза бейсенбі» акциясы еліміз бойынша жалғасып жатыр

Елімізде «Amanat» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын табуда. Бірқатар өңірде игі бастама аясында өзен жағалаулары мен демалыс орындары қоқыстан тазартылды. 

Түркістан облысында аманаттықтар Сайрам ауданы, Көлкент елді мекеніне барды. Тау-тастан бастау алатын бұлақтардың бітелген көзін ашып, өзен-көлдердің айналасын ретке келтірді. Адам аяғы үзілмейтін киелі жерлерді де партия белсенділері ұмыт қалдырған жоқ.  

Қуаныш Сыздықов, «Amanat» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

Абылайхан алаңы бар Арыс өзенінің бойында. Оған да барамыз, оны да тазалаймыз. Өйткені ол біздің әулиелі тарихи жерлер. Сол тарихи жерлердің бәрін таза, әдемі етіп ұстауымыз керек. Осы акцияны қолдауымыз керек. Осыған халықты шақырамыз. Бәріміз атсалысайық. Елімізді таза ұстайық!

Ал Павлодардың іргесіндегі Ақсу қаласында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы игі дәстүр қалыптасты. Әр кәсіпорын шаһар аумағын учаскелерге бөліп алып, тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, «Ақсусервис» кәсіпорыны жұмысшылары бүгін қаланың бес бірдей аумағын тазалап, қоқысын жинады. Оларға партияның «Жастар қанаты» ұйымының мүшелері ыстық шай мен бауырсақ үлестірді.

Қанатбек Байманов, «АқсуСервис» кәсіпорнының басшысы:

Бір бейсенбімен біздің жұмысымыз шектелмейді. Біз күнде, күнара осындай жұмыс істейміз. Негізі, тазалық ол тек қана қоқыс жинау емес, адамның бойындагі бір қасиеті, жақсы ниеті соны көрсету деп деп ойлаймын.

Қызылорда облысы Шиелі ауданының орталығында экологиялық акция Достық аллеясында өтті. Партия өкілдері, белсенді жастар демалыс аумағын тазартып, тұрғындарды тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырды.


Бөлісу