Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласын бірлесе дамытпақ
Өзбекстан туристер санын жылына 25 миллион адамға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін көлік инфрақұрылымын жақсартып, қызмет сапасын арттыруды қолға алды. Қазақстанның Түркістан қаласымен саяхатшылар алмасу бойынша да келісімдер жүріп жатыр.
Көрші ел қазір ай сайын 1 млн-ға тарта турист қабылдап отыр. Олардың арасында қазақстандық саяхатшылардың үлесі басым. Ал Түркістандағы Йасауи кесенесіне зиярат етіп, Алматы мен Шығыс Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға асығатын өзбек ағайындар да аз емес.
Мирасрор Ахроров, қоғам белсендісі:
Мемлекет туризмді өркендетуге айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Бұл өте құптарлық. Әсіресе ауылы аралас жатқан бауырлас елдердің халқы бір-біріне кедергісіз саяхаттауы маңызды. Осыған жағдай жасалса, керемет болар еді.
Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы әлеуеті Орталық Азиядағы өзге елдерден көш ілгері. Саяхат бойынша ынтымақтастық алдағы уақытта арта бермек. Тау туризмімен танымал Әндіжан аймағы мен еліміздің Түркістан қаласы болашақта саланы бірлесе дамыту бойынша келісім жасауды жоспарлап отыр.
Бекзод Юсупов, Әндіжан облысы туризм басқармасының басшысы:
Өткен он айда 440 мыңнан астам шетелдік саяхатшы келді. Арасында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай мен Оңтүстік Кореяның азаматтары өте көп. Түркістандағы әріптестеріміз тарапынан туризм саласындағы озық тәжірибелерді бөлісу бойынша ұсыныс түсіп жатыр. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.
Қайыржан Қоңыршин, туризм саласының өкілі (Қазақстан):
Бізге, мысалы, Өзбекстаннан өте көп турист келеді. Ресми өкілдер, білім және мәдениет саласының өкілдері, оқушылар мен қарапайым тұрғындар да келеді. Біз оларға өз тарихымызды, мәдениетіміз жайлы баяндаймыз.
Өзбекстанның туризм комитеті жуырда «Түрікменстан – Хорезм – Қарақалпақстан – Қазақстан» туристік бағытын іске қоспақ.
Оған қатысушылар үш елді аралайды. Тарихи-мәдени ескерткіштер мен көрікті жерлерді тамашалап, халықтың ежелгі қолөнерімен, ұлттық тағамдарымен танысуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы