Өткен аптада «Сырғалым» телехикаясының екінші маусымының түсірілімі аяқталды. Туындының бірінші маусымы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жоғары рейтингке қол жеткізген еді. Екі бөлімді де «Пестрые сумерки», «Ярослав. Тысячу лет назад», «Август. Восьмого» фильмдерімен танымал ресейлік режиссер, оператор Дмитрий Коробкин түсірді.
Жақында қазақстандық көрермендер қарапайым қазақ қызы Сырғалым туралы телехикаяның 32 бөлімін тамашалайтын болады.
Фильмге дайындық кезінде актерлердің диалогтарын жоба редакторы Айдос Жұқанұлы дайындаған. Ол өзі де осы телехикаядағы рөлдердің бірін сомдайды. «Үндестік сабақтары» фильміндегідей ол мұнда да құқық қорғау органының қызметкері.
Жас актерлермен қатар, телехикаяда танымал театр және кино актерлері де ойнайды. Олардың қатарында Сәкен Рақышев, Жандарбек Садырбаев, Мұрат Нұрасылов бар.
Айта кету керек, жобаның біраз қатысушысы продюсер Рашид Сүлейменовпен алғаш рет қызметтес болып отырған жоқ. Олар мұның алдында «Достар» телехикасында да бірге жұмыс істеген. Ал мәскеулік режиссер Дмитрий Коробкин Рашид Сүлейменовпен жақсы таныс. Олар 2000 жылдары қазақстандық жұлдыздардың бейнебаяндарын бірге түсірген.