Қатерлі ісікті емдеуге болады - Отандық онкологтар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатерлі ісікті емдеуге болады - Отандық онкологтар

07.11.2017

Алматыда бас қосқан отандық онкологтар осыны айтты. Дәрігерлердің сөзінше, бас және мойынның қатерлі ісігін ерте анықтаған жағдайда науқас аман қалады. Қазір Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары дендеген дертке бірнеше кезеңнен тұратын микрохирургиялық күрделі операция жасап, көптеген адамның өміріне араша түсіп отыр.

Игорь Прима алғаш тамағы ауырып, сырқаттанған кезде аса мән бермеген. Тіпті, тынысы тарылса да, болмашы ауру екен, деп дәрігерлерге қаралмаған. Ақыры көмейдің қатерлі ісігіне шалдықты. Сөйтіп, амалсыз операция жасатыпты. Алайда, сол уақыттан бері 8 жыл өткен. Қазір ол бұрынғыға қарағанда өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.

Игорь Прима, қала тұрғыны:

 - Мен ауруымды әбден асқындырып алдым. Тек денсаулығым нашарлағанан кейін ауруханаға бардым. Тыныс ала алмай, қатты қиналдым. Дәрігерлер маған операция жасап, арнайы дауыс шығаруға арналған протез салып берді. Қазір жағдайым тәуір.

Елімізде жыл сайын бас және мойын қатерлі ісігіне 2 мыңнан астам адам шалдығады. Ал, олардың дені аурудың 3-4 сатысында дәрігерлерге келіп, көмек сұрайды. «Кеш қаралған соң, қауіпті дертті емдеу өте қиын», - дейді онкологтар. Тек ауру ерте анықталған жағдайда науқастардың 90 пайызын емдеп жазуға болады. 

Ғалым Әділбаев, медицина ғылымдарының докторы, хирург-дәрігер:

 - Бас және мойын аймағында әртүрлі ағзалар кезігеді. Соның ішінде 3-4 сатысы болған кезде пластикалық операция жасауға тура келеді.

Бүгінде білікті онкологтар бас және мойынның қатерлі ісігіне күрделі операцияларды сәтті жасап келеді. Сондай-ақ, тамақтану, дауыс шығару қызметін орнына келтіру үшін протездер салады. Бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген. Ал, аталған институттың мамандары елдің 6 қаласында қауіпті ауруды ерте анықтауға арналған апталық өткізген. Соның нәтижесінде 30 адам қатерлі дертке шалдыққаны белгілі болды. Енді дәрігерлер мұндай шараны өзге де аймақтарда ұйымдастырмақшы. 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу