Басты Жаңалықтар Екі ел шекарасында тағы да атыс болып, 12 ауғандық қаза тапты

Екі ел шекарасында тағы да атыс болып, 12 ауғандық қаза тапты

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы жағдай қайта шиеленісіп тұр. Бүгін таңертең басталған атыстан бірталай бейбіт тұрғын қаза тауып, 100-ден астамы жараланды. Ал өткен апта соңындағы шайқаста екі жақ та шығынға ұшырады. Көршілес мемлекеттер арасындағы дағдарысқа не себеп, бұған Үндістанның қандай қатысы болуы мүмкін? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Бүгін Ауғанстан-Пәкістан шекарасында тағы да тыныштық бұзылды. Ресми Кабулдың мәлімдеуінше, қайта басталған шайқаста Пәкістан жеңіл қарумен бірге танкі тәрізді ауыр арсеналды да пайдаланған.

«Ассоушиэтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, атыстан Ауғанстанның Спин-Болдак ауданында 12 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланды.

Абдулла Джан, Спин-болдак ауруханасының басшысы:

Ұрыс басталған кезде таңғы сағат 4-тер шамасы еді. Жараланғандардың көпшілігі - балалар, ал қаза тапқандардың 90 пайызы - бейбіт тұрғындар. Олардың арасында әйелдер де бар. Құдайға шүкір, жедел жәрдем көліктері дайын. Зардап шеккендерге ең алдымен осында көмек көрсетіледі. Содан кейін олар Қандағарға жеткізілді.

Пәкістан Ауғанстанмен шекаралас Чаман елді мекенінде төрт бейбіт тұрғынының жараланғанын хабарлап отыр. Сонымен қатар бүгінгі шайқас кезінде Пәкістан алты жауынгер жоғалтты.

Ауған тәліптері 9 содырынан айырылды деген мәлімет бар.

Айта кетсек, екі жақтың күштері өткен апта соңында да бір-біріне оқ жаудырды. «Талибанға» сенсек, сол әскери жанжалда Пәкістанның 58 сарбазы қаза тапты. Мұны жоққа шығарған Исламабад 23 жауынгерінің мерт болғанын растап, жүздеген тәліпті жойғанын хабарлады.Бұл шиеленіс араб елдерінің араласауымен доғарылған. 

Әмір Хан Мұттақи, Ауғанстан сыртқы істер министрі:

Ауғанстанның достары, Қатар мен Сауд Арабиясы соғысты тоқтату керек деді. Сондықтан атыс біздің тарапымыздан доғарылды. Біз Пәкістанмен жақсы қарым-қатынасты қалаймыз.

Қазір Ауғанстан мен Пәкістан шекарадағы дағдарыс үшін бір-бірін айыптап отыр.

Исламабадтың мәлімдемесіне жүгінсек, «Талибан» Пәкістан аумағында талай рет қанды шабуылдар жасаған пәкістандық тәліптерге баспана беріп отыр. Кабул мұны мойындаған емес.

Тағы бір айта кететін жайт – екі мемлекет арасындағы шиеленіс ауған сыртқы істер министрі Пәкістанның бітіспес жауы – Үндістанға алты күндік сапармен барған шақта күшейді. Делиде өткен кездесуде қос елдің бас дипломаттары екіжақты байланыстарды кеңейтіп, Ауғанстан астанасында Үндістан елшілігін қайта ашуға уағдаласқан еді.


Бөлісу