Басты Жаңалықтар Елімізге криптовалюта резерві не үшін қажет?

Елімізге криптовалюта резерві не үшін қажет?

Елде құны 40 млрд теңге болатын криптоактивтер тәркіленген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Алайда сол цифрлық валютаны пайдаға жарата алмай отырмыз. Бұған дейін Мәжіліс депутататтары Ұлттық банк жанынан критовалюта резервін құруды ұсынды. 40 млрд теңгені крипторезервке салсақ, бұдан Қазақстан қандай пайда көреді?

Мәжіліс депутатттары Қазақстан Ұлттық банкінің жанынан мемлекеттік криптовалюта резервін құру бастамасын көтерді. Олардың айтуынша, тәркіленген криптоактивтерді пайдаға жарату заңмен реттелмеген. Салдарынан активтерді жоғалту, ұрлау немесе үшінші тұлғалар арқылы заңдастыру қаупі бар. 

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізде тәркіленген криптоактивтер бар. Жобалауым бойынша 4 пен 40 млрд арасында деп айтылған ҚМА-нің өзінің есебінде. Қаржы мониторинг агенттігі оны тәркіледі. Тәркіленген нәрсе қазір суық күйде жатыр. Суық күйде болады, ыстық күйде болады. Ыстық күйдегілер пайда әкеледі. Ал суық әмиян дейміз, ол пайда әкелмей, мұздатылған күйде жатыр сол жерде. Ұлттық банктің жанынан қор жасауымыз керек. Сол қорға салсақ, ол мұздатылған емес, жылы күйде болады, сонда биржада бағасы өседі. Өзінің пайдасы болады.

Расымен, 2023 жылы Қазақстандағы криптоайналымның 86,2 пайызы, яғни 3,5 миллиард АҚШ доллары дәл осындай көлеңкелі сегмент арқылы өткен. Цифрлық майнинг қауымдастығының ақпаратына сенсек, бүгінде заңсыз майнерлердің қатары сап тыйылған.

Оған себеп – бақылау мен тексерістің күшеюі және электр энергиясының қымбаттауы.

Сергей Путра, Блокчейн және Цифрлық Майнинг қауымдастығының Вице-Президенті:

Иә 3 жыл бұрын Қазақстан цифрлық майнинг бойынша көш бастады. АҚШ-тан кейін 2-орынға жайғасты. Бірақ ол статистика көлеңкелі майнерлердің табысын қоса есептеп жасалған. Алайда 3 жылдан бері заңсыз майнерлердің табысын тәркілеу қарқынды жүріп келеді. Осылайша, қазір олардың саны тіпті азайды. Бүгінде біз әлемде 11-орындамыз. Бұл да жаман нәтиже емес, есесіне бәрі заңды. 

Қазір ресми тіркелген, заңды жұмыс істейтін 70-тен астам майнинг компания бар. Олар өткен жылы 10,5 млрд теңге салық төлеген. Осылайша, ел экономикасына үлес қосты. Алайда салада әлі де тәуекел көп. 

Наурызбек Бижанов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

Алтын, акция олар да әрдайым көтеріліп бағасы төмен түсуде. Сол сияқты цифрлық активтердің де өзіндік тәуекелдері болады. Ол да көтерілуі мүмкін, түсуі мүмкін. Мемлекет үшін бұл – экономиканы әртараптандыру. Ал жаңа инвесторларға бұл – Қазақстанға келу мүмкіндігі.

Қаржылық мониторинг агенттігі тәркілеген құны 40 млрд теңгеден асатын криптоактивтерді пайдаға жарату мәселесі толық шешімін тапқан жоқ әлі. Бірақ Ұлттық банк депутаттардың сауалына оң жауап қатты. Стратегиялық крипторезервті жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр деп хабарлады. Айтқандай-ақ, заңсыз майнерлер жойылып,  цифрлық активтерді реттеу қолға алынса,  салада ашықтық орнайды. Нәтижесінде криптоактивтерге сенім күшейіп, инвестор тарту мүмкіндігі артады. Бұл – экономиканың өсуіне сеп.


Бөлісу