Қылмыспен күрес ісіне тұтас қоғам жұмылады
Қоғамдағы тыныштықты қадағалау тек полицияның ғана міндеті емес. Ортақ жауапкершілік енгізіледі. Енді әртүрлі ұйымдар мен жергілікті әкімдіктер де тәртіпсіздіктің алдын алуға атсалысады. Бүгін мәжілісте «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжат бұзақылықтың алдын алу жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған.
Енді қылмыспен күрес ісіне тұтас қоғам жұмылады. Бұған дейін ескерту және алдын алу шараларына 13 ұйым ғана атсалысса, алдағы уақытта олардың саны екі есе өспек. Бұл бірлестіктер түсіндіру, тәрбиелеу сияқты жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар адамдарға қоғамға бейімделуге көмектеседі.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
Бірінші ортақ жауапкершілік енгізіледі. Әкімдер - өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар - құзыреті бойынша профилактика үшін, мәслихаттар - олардың есептерін тыңдау бойынша, жергілікті қоғамдастықтардың рөлі күшейтіледі.
Тәртіп сақшыларының көмекшілері де көбейеді. Бүгінде 20 мыңнан астам қоғамдық көмекші полициямен бірге жұмыс істейді. Ал жаңа заң қабылданса, олардың саны одан әрі артпақ. Бақылаушылар әр түрлі заңға томпақ әрекеттердің алдын алып, жұмыстың жылдам әрі жүйелі болуына септігін тигізеді.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Екінші жағы да болуы мүмкін. Бір-бірімізге мәліметтер жинап, бір-бірімізді қорқытып үркітетін қоғамға да айналып кетпеуіміз керек. Сондықтан қоғамдық кеңестің мүшелерін өте көп оқыту, тоқыту бағдарламалары керек.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қоғамдық көмекшілердің арқасында 300 мыңнан астам қылмыс ашылып, 15 мыңнан аса құқықбұзушылық анықталған. Олар полиция қызметкерлері емес, дегенмен ерікті түрде қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып жүрген азаматтар. Мұндағы мақсат - заң бұзушылықтармен тек күштік құрылым өкілдері емес, ел болып күресу.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қылмыс пен тек полиция күресе алмайды. Ешбір қылмысты ешбір қоғамда полиция жеңіп көрген емес. Сол себепті қоғамға барынша арқа сүйеуі тиіс. Мінекей қазір екі бағыты бар ғой. Біреуі қоғаммен жұмыс істеу, екіншісі цифрландыру дейміз.
Ернұр Медет, тілші:
Жаңа құжат бес түрлі заңды біріктіреді. Атап айтқанда, оған тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандармен жұмыс, азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуы және әкімшілік қадағалау туралы бағыттар кіреді. Сарапшылардың айтуынша, бұл заң тұрғындар арасындағы құқықтық мәдениетті арттырып, «қоғамдағы тыныштық - ортақ жауапкершілік» қағидасын бекітуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
