«Ontystik» телеарнасының хабар тарата бастағанына биыл - 28 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ontystik» телеарнасының хабар тарата бастағанына биыл - 28 жыл

12.02.2018

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының оңтүстіктегі өкілдігі, шуақты өлкедегі ақпараттың жаршысы «Ontystik» телеарнасының әуе толқыны арқылы хабар тарата бастағанына биыл - 28 жыл. Бастапқыда Қорғаныс министрлігінен сатып алынған жылжымалы телестудиямен ғана эфирге шыққан телеарна бүгінде өңірдің шарайнасы. 3 миллионға тарта халықты ақпаратпен жылдам құлағдар етіп, тіл мен ділдің, салт-дәстүр мен өнердің ұйытқысы болып отыр.

Байдулла Қонысбек - облыстағы телеарнаның негізін қалаған азамат. Оның басшылығының арқасында 1990 жылы 5 қарашада телеарна алғаш рет эфирге хабар таратты. Салмағы бірнеше жүз килограмм  болатын ауыр видеокамера, ебедейсіз магнитофон, мүмкіндігі шектеулі монтаж құралдары. Қолда бар осындай азын-аулақ техникамен тек студиядан ғана телехабар жүргізуге мүмкіндік болды. Ал, оқиға орнынан тілшінің мәтінімен қоса, фотосуреттер ғана берілетін.

Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисі :

- Фотограф жібереміз, қасына редактор қосып, ауыл-аудандардан  түсіріп келеді. Фотоларды іліп қоямыз. Сөйтіп, диктор сөйлеп тұрады. Сол кезде фотоларды көрсетеміз.

Телеарна көп ұзамай замануи техникалармен толыға бастады. «Бетпе-бет», «Таным. Талғам. Тағылым»,  «Жүздесу» секілді телехабарлар көрерменге жол тартты.

Арыстан Отарбаев, «Ontustik» телеарнасының режиссері:

-  «Ғажайып қоржын» деген хабарамыз шыға бастады. Одан облыстың өркендеуіне байланысты өнеркәсіп, еңбек адамдары, ғибаратты адамдардың қатысуымен үлкен хабарлар жасай бастадық. Сонымен, телеарна ақырындап, өзінің тәжірибесін жинай бастады.

Бастапқыда бір сағаттан аптасына бар болғаны үш рет қана эфирге шығатын «Ontustik» телеарнасы кейін келе тәулігіне 18 сағат хабар тарататын болды. Аудандарда тілшілер қосыны жұмыс істей бастады. Тұтас алғанда телеарна сол кезеңдерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, Тәуелсіздігіміздің нығаюына зор үлес қосты. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу