Басты Жаңалықтар Ақтөбеде Мемлекеттік наградалар табысталды

Ақтөбеде Мемлекеттік наградалар табысталды

Ақтөбеде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Алдымен ел дамуына үлес қосып, зор жетістікке жеткен жандарға мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың қатарында әр түрлі саланың өкілдері бар. Ал, «Өнер орталығына» жиналған жұртшылық мерекеге арналған концертті тамашалады.

Еңбек ескерусіз қалмайды. Мемлекеттік наградаларға ұсынылған жандардың арасында дәрігер, мұғалім, мұнайшы мен қарапайым еңбек адамдары бар. Мәселен, «Еңбек даңқы» ордені Ырғыз ауданынан келген су шаруашылығы саласының ардагеріне берілді.

Қанатбай Жайшылықов, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері:

Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, уақытында. Былтыр Ырғыз ауданының бүкіл су ұңғымаларын қайтадан жарақтандырып, 800 млн үстінде ақша бөлінді. Соның бәрі Үкіметіміздің халыққа деген көзқарасының өте күшті болып тұрғаны.

Өңір басшысы Асхат Шахаров аймақ дамуына үлес қосқан жандардың еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді. Барлығы 25 адам әр түрлі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында мәдениет саласының өкілдері де бар.

Әділбек Сарин, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Ер едіге» жыр мектебінің жетекшісі:

Өнер адамдарының еңбегі орасан зор. Өйткені өнер арқылы халық тәрбиеленеді. Өнердің ішінде біз жыр, терме, қиссаларды балаларға жаттату арқылы жас ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке дайындап жатырмыз.

Ақтөбе облысының экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Әр салада ілгерілеу бар. Бұл жетістіктердің артында қарапайым жұмысшылардың ерен еңбегі тұр. Бүгінгі жиында оны өңір басшысы да айтты.

Асхат Шахаров, Облыс әкімі:

Әр сала бойынша мамандар өз марапатын алды.Бұл нені білдіреді? Өңіріміз жақсы даму жолында. Оң динамика статистика бойынша бар. Жыл сайын сол статистиканың ұлғаюына үлесімізді қосамыз бәріміз ел болып.

Марапаттау рәсімінен кейін өнер ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Оған қарапайым еңбек адамдары, әр салада жоғары жетістіктерге жеткен қызметкерлер шақырылды.

Бөлісу