ШҚО-да өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды
Республика күні - мәні мен маңызы жоғары ұлттық мереке. Осы айтулы күн қарсаңында Өскеменде өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Елдің жетістігі - күнделікті еңбегін жауапкершілікпен атқарып жүрген азаматтардың табанды жұмысының нәтижесі. Ұлттық мереке қарсаңында түрлі салада еңбек етіп жүрген 30-ға жуық шығысқазақстандық мемлекеттік наградаға ие болды. Солардың бірі - Жұмабек Жәпішев. Ол 40 жылға жуық уақыттан бері өңірде ұлттық спортты дамытуға үлес қосып келеді.
Жұмабек Жәпішев, «Еңбек даңқы» орденінің иегері:
Мемлекет басшысы бізді марапаттап жатқанына өте қуаныштымын. Бұл қарадан қарап беріліп жатқан жоқ. Бізді бағалап, еңбегімізді бағалап жатыр. Өзім Қазақстанның аударыспақтан 15 дүркін чемпионымын. Шығыс Қазақстанның 25 дүркін чемпионымын. Қанша оқушыларды, балаларды осы ұлттық спортқа тәрбиелеп жеткізіп отырмын.
Биыл Шығыс Қазақстанда өндірісті дамыту, инвестиция тарту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар жоба жүзеге асты. Жыл басынан бері жалпы құны 30 миллиард теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске қосылды. Өңірде екі бірдей әуежай салынуда. Ал, облыс орталығында «Алтай Май» кәсіпорны ашылды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің күшіміз - бірлікте, тірегіміз - адал еңбекте, мақсатымыз - қуатты мемлекет құрып, Шығыс Қазақстанның өркендеуіне үлес қосу.«Заң мен тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» құндылықтарын берік ұстанып, туған өлкеміздің мерейін асқақтата берейік! Еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!
Республика күні қарсаңында облыста жүзге жуық мәдени шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Өскемен көшелерінде Қазақстанның соңғы жеті жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жетістіктері туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы