Басты Жаңалықтар Іле ауданында Республика күні аталып өтті

Іле ауданында Республика күні аталып өтті

Алматы облысының Іле ауданында Республика күніне орай түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Мерекелік жиында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан тұрғындарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, Өтеген батыр ауылында «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтіп, жұртшылыққа ауыл шаруашылығы өнімдері қолжетімді бағамен ұсынылды.

«Дала дәмі» жәрмеңкесі – жергілікті өндірушілердің өнімін тұтынушыға тікелей жеткізетін алаң. Мұнда ет, сүт, бал, балық, жеміс-жидек пен көкөністің бірнеше түрі саудаланды. Жалпы, облыс бойынша тұрғындарға 365 тоннадан аса 31 түрлі өнім ұсынылған. Бағасы базар құнынан 15-20 пайызға төмен.

Қуаныш Саттарбаев, Іле аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Аудан аумағындағы кәсіпкерлердің барлығын осы жәрмеңкеге шақырдық. Қойылған тауарлардың барлығы осы Іле ууданында өндіріледі. Барлығы осы Іле ауданынан шығады. Бұл жәрмеңке бізде апта сайын өтіп жатыр. Әр ауылдық округте, аудан деңгейінде де және біздің кәсіпкерлеріміз облысқа да осы «Дала дәмі» жәрмеңкесіне атсалысуда.

Мерекелік жиынға қатысқан аудан әкімі тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жиырмаға жуық азаматқа марапат табыстады. Құрметке ие болғандардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және өзге де салалардың өкілдері бар.

Айгүл Қадырбекқызы, Қоғам белсендісі:

Бұл өте үлкен қуаныш! Жәй қарапайым халыққа деген, аудан белсенділеріне деген құрмет. Сондықтан сый-құрметке біз өте ризамыз. Барша қазақ халқын, елімді, жұртымды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қатысушылар назарына ел тарихын дәріптейтін қойылымдар ұсынылып, мерекелік әндер шырқалды. Айта кетейік, Республика күніне орай Алматы облысында 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, өңірде жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Бөлісу