Қызылорда облысы құрылыс қарқыны бойынша республикада көш басына шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы құрылыс қарқыны бойынша республикада көш басына шықты

20.12.2017

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары сыр елінің әлеуметтік жағдайы төмен, болашағы бұлыңғыр еді. Табаны құрғаған Арал экологиясы. Жаппай жұмыссыздық. Халықтың әл-ауқаты сын көтермеді. Ал, қазір Қызылорда өңірі - еңсесін тіктеген, дамудың даңғыл жолына түскен берекелі мекен. Егемен елмен бірге өсіп-өркендеп, дамып келе жатқан өңірде жағымды жаңалықтар жетерлік.

Сырдарияның үстінен салынған бұл көпірдің маңызы ерекше. Себебі, дарияның арғы бетінде жаңа қала салынып жатыр. Шығыстық шырайдағы ғажап қала инвесторлар қаржысы есебінен бой көтеруде. Қазір бұл жер үлкен құрылыс алаңына айналған. Мектеп, балабақша, түрлі әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде.

Қызылорда облысы құрылыс қарқыны бойынша республикада көш басына шықты. «Сол жағалауды игеру» жобасы негізінде қазір 5 қабатты 18 үй салынып жатыр. Сондай-ақ, 320 орындық балабақшаның құрылысы жүруде. Бірінші кезең бойынша дарияның арғы бетіндегі бос жатқан жердің 500 гектары игеріледі. Бұдан басқа, биыл қалада 61 тұрғын үй салынып, 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Апатты үй мәселесі шешілді.

Күлсін Арзымбетова 1-топтағы мүгедек. Осы уақытқа дейін анасы екеуі пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрді. 2005 жылы үй алу кезегіне алынған ол өз баспанасына қол жеткізді.

Күлсін Арзымбетова, қала тұрғыны:

- Ұзақ күткен қуанышымыз. Бұл соңғы салынған үйлер. Жақсы, тұрмысқа қолайлы. Көп-көп рахмет.

Күлсіннен басқа тағы 210 отбасы қоныс тойын тойлауда. Ал, қала маңындағы Белкөл кентінің тұрғындары енді көгілдір отынның игілігін көреміз деп қуанып жатыр. Көшелердің барлығына газ құбыры тартылды, әрбір үй табиғи газ жүйесіне қосылды. Енді кенттегі 630 жанұя қауіпсіз әрі арзан отынды пайдаланады. 

Бақыткүл Ержанова, Белкөл кентінің тұрғыны:

- От жақпаймыз. Бұрын көмір іздеп, отын іздеп, бір адам отын жағушы болып, азаннан кешке дейін отыратын еді. Енді табиғи газ жағып, баратын жеріне барып, жұмысын істеп, бала-шағасын бағып, қуанып отырады.

Биыл 4 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласы газдандырылды. Қала маңындағы 3 ауылдың тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бұған дейін олар сұйытылған газ пайдаланды. Әрі оның әр текше метріне 800 теңге төлейтін. Ал, қазір қауіпсіз, табиғи газдың құны одан 40 есе төмен.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу