Астанада өтіп жатқан сегізінші Азаматтық форумның бүгінгі жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Президент үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру мәселесін көтерді. Қаржыландыру ашық және түсінікті болуы шарт. Өйткені, мемлекет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын халық біліп отыруы тиіс. Ол үшін Үкіметке цифрландыру бағдарламасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай электрондық тізімін әзірлеуді тапсырды. Қазір елімізде 20 мыңнан астам ұйым жұмыс істейді. Тек биылдың өзінде оларға 22 млрд. теңге қаржы бөлінген. Президент өз сөзінде бизнесмендерге осыған дейін үлкен қолдау көрсетіліп келгенін, сол себепті, дәулетті азаматтар өз халқына көмек көрсетуі тиістігін айтты. Әсіресе, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға қамқор болуға шақырды. Өйткені, қазақ жетімін ешуақытта жылатпаған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын елге барып өссе де, ертең ол елін, жерін сағынады. Бірақ, олар бөтен адамдар болып келеді. Оған қолымыз тиген жоқ. Қаражатымыз болған жоқ. Мемлекет қиын-қыстау кезеңде жүрген кезде ол мәселені біз жіберіп алдық. Бірақ, өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақшылықта да «жетімге қол созсаң, жұмақтан шығасың» деген бар. Сондықтан, өзінің екі-үш баласы бар адам балалар үйінен тағы бір баланы алатын болса, тек жақсылыққа кенеледі деп санаймын.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.