Басты Жаңалықтар 2 млрд доллар: Қазақстан мен Германия 30-дан астам келісімге қол қойды

2 млрд доллар: Қазақстан мен Германия 30-дан астам келісімге қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға жасаған ресми сапары Берлинмен шектелген жоқ. Атақты Бавария жерінің орталығы Мюнхенге де барды. Иә, дамыған мемлекеттерге сапардың басты мақсаты – инвестиция тарту.

Дегенмен Астана «шикізатты тауарға алмастыру» моделінен жоғары технологиялық өндірістік серіктестікке көшуге ұмтылып жүр, бұл жолғы сапар лейтмотиві сондай.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Берлин мен Бавариядағы басқосулар табысты өтті деп айтуға негіз бар. Келіссөздер нақты құжаттармен бекіді. Жалпы саны 30-дан аса коммерциялық келісім. Құны 2 миллиард доллардан асады. Рас, Қазақстанға Германиядан ең керегі екі нәрсе. Технология және қаржы. Ал неміс еліне шикізат қажет. Әсіресе қазақ мұнайы. Ресейден келетін құбыр қазір соғыс салдарынан тоқырап тұр. Сондықтан екі тараптың мүддесі дәл осы экономикалық алаңда қабысып отыр. Енді уағдаласқан жобаларға тоқталсам. Ірі келісімдердің бірі Батыс Қазақстан облысындағы Сәтімола калий кен орнына қатысты. Жобаға неміс тарапы 400 миллион еуро қаржы салмақ. Осылайша батыста жылына 1,5 миллион тонна калий тыңайтқышын өндіретін кешен салынады. Бұдан бөлек, Көкшетауда Wilo сорғылары мен олардың бөлшектерін шығару жоспарланып отыр. Бұл жабдық су жүйелері, жылу желілері және коммуналдық нысандарда қолданылады. Ал Alatau City-де осы жабдықтарды жөндейтін және қызмет көрсететін инженерлік орталық ашу көзделген. Атырау облысына Германиядағы өндірістік қуаттардың бір бөлігін көшіру мәселесі де талқыланды. Бұл өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға жол ашады. Павлодар алюминий зауытын жаңғыртуға және галлий өндіретін жаңа өндіріс ашуға 88 миллион доллар инвестиция тартылмақ.

Ал Тараздағы «Химпарк Тараз» арнайы экономикалық аймағында натрий цианидін өндіретін зауыт салу жоспарланған. Жобаға Германия банкі 50 миллион еуро қаржы бөлмек. Қазақстан Германияға экспорт жасау жөнінде де ірі келісімге келді. Екібастұзда шығарылатын теміржол дөңгелектерін Deutsche Bahn жүйесіне енгізу жұмысы басталды. Енді өнім неміс және еуропалық стандарттар бойынша сынақтан өтеді. Сертификаттау сәтті аяқталса, нақты жеткізу көлемі мен мерзімі келісілмек. Екібастұздағы кәсіпорын жылына 300 мыңға дейін дөңгелек шығара алады. Бұл келісім қазақстандық дайын машина жасау өнімінің Германия арқылы тұтас Еуропа нарығына шығуға септігін тигізеді. Ал Президент Тоқаевтың Берлиндегі негізгі ұсыныстарының бірі – ортақ жобаларға арналған Қазақстан мен Германияның инвестициялық қаржы платформасын құру. Мұнда еуропалық капитал Қазақстанның банктерімен біріктіріледі. Германияның экспорттық несие, кепілдік және инвестициялық сақтандыру тетіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл не үшін маңызды? Ірі зауытты бір меморандуммен тұрғыза алмайсың. Оған ұзақ мерзімді несие, саяси және экспорттық кепілдік керек. Инвестордың ақшасы мен мемлекеттің инфрақұрылымы бір жерден түйісуі тиіс. Ұсынылған платформа осы түйінді шешуге арналған. Бұл саясаттың астарында әртараптандыру мақсаты да бар. Қазақстан көршілермен сауданы сақтай отырып, Еуропамен технологиялық әріптестікті күшейткісі келеді. Германия бұл тұрғыда саяси немесе әскери шарт қоймайтын маңызды серіктес. Айтпақшы, бұл жолы Қарметке қатысты да ірі келісімдер жасалды. Неміс компаниялары металлургиялық алыптың технологиялық тұрғыдан жаңғыруына атсалыспақ.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

Linde – бұл Еуроодақтың газ өндіру бойынша көшбасшы компания. Қазір олар Қарметпен тығыз жұмыс істеп жатыр. Бұл компания Қазақстанға 200 млн доллар инвестиция салған. Енді тағы 100 млн-ға жаңа жобаны қарастырып жатыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, сирек металдар да әріптестіктің маңызды бағыты. Германия энергияда Ресейге тәуелділіктің салдарын көрді. Енді стратегиялық минералдар бойынша Қытайға кіріптар болмаудың жолын іздеп отыр. Бұл ретте Қазақстанның маңызы арта түсті. Еуроодақ экономика үшін аса маңызды 34 шикізатты жеке тізімге енгізген. Қазақстанда соның 21 түрі бар. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мысты атаймыз. Бірақ Астана жай ғана шикізат сатуды көздемейді. Нақты шарт қойып отыр. Президент сөзін қарапайым тілмен айтсақ, біз сіздерге ресурс ұсына аламыз, бірақ оны өңдейтін өндірісті де Қазақстанда бірге жасайық дейді. Тоқаев Германияға толық өндірістік тізбек ұсынды. Алдымен геологиялық барлау. Одан кейін кен өндіру. Содан соң байыту және терең өңдеу. Бұл бұрынғы шикізат моделінен айтарлықтай өзгеше. Қазақстан ұзақ жыл бойы мұнай, металл және басқа ресурстарды сыртқа шығарудан көп табыс тапты. Бұл модель әлі де экономика үшін маңызды. Бірақ шикізатты сатудың бір кемшілігі бар. Қосылған құнның үлкен бөлігі оны өңдеген елде қалады. Егер сол мыстан кабель, компонент немесе дайын өнеркәсіп өнімін шығарсақ, Қазақстанда жұмыс орны ашылып, инженерлік мектеп қалыптасады. Жалпы, иә, сирек металдар нарығы ірі мемлекеттермен баланс ұстау құралы. Еуропа технология, ал Қытай үлкен нарық пен капитал ұсына алады. Басқа елдер өңдеу өнеркәсібі мен машина жасауға атсалыса алады. Айтпақшы, Канцлер Мерц Германия Қазақстан мұнайын көбірек алуға мүдделі екенін ашық айтты.

Фридрих Мерц, Германия Федеративтік Республикасының федералдық канцлері:
Біз шағын және орта бизнес өкілдерінің Қазақстанда жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жолдарды қарастырып жатырмыз. Бұл бағыт екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ мұнайды жеткізу бағыттарын талқылағымыз келеді. Қазір біз Ресейден мұнай сатып алмаймыз. Біз шикізат көздерін әртараптандыруға ұмтылып отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өңірде маңызды рөл атқарады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұл сапардың ең көп талқыланған тұсы да осы болды. ARD тілшісі Тоқаевтың екі ай бұрын Путинге Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтату жөнінде айтқан ұсынысын еске салды. Журналист содан бері өзгеріс болмағанын айтты. Қазақстан президентінен Ресейге бүгін не айтар едіңіз деп сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев Путинді «көрнекті мемлекет қайраткері» дей келе, «Орталық Азияға ең қолайлы саяси тұлға» деп атады. Ал сөзінің тіні ретінде Президент «менің мүддем – Қазақстанның гүлденіп, дамуы. Сол жолдан қолымнан келгенін жасаймын, аянып қалмаймын», – деді. Әрине, ресейлік ақпарат құралдары өз басшысы туралы ғана сөзін алды. Ал негізінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын ұстанатынымызды тағы айтты. Мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігін мәлімдеді. Украина халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүріне және украин тіліне құрметпен қарайтынымызды атап өтті. Қазақстанның ұстанымы өзгермегенін нақтылады. Қазақстан мен Ресейдің арасы әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуелі бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді.


Бөлісу