Astana AI Film Festival: Қазақстандық Мырзахан Жұмахан «Үздік кейіпкер» номинациясын жеңіп алды
Астанада Astana AI Film Festival халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл фестивальге әлемнің 125 елінен 8067 өтінім түскен. Оның 829-ы Қазақстаннан ұсынылып, еліміз өтінім саны бойынша екінші орынға шықты.
Мыңдаған өтінімнің ішінен финалға небәрі 25 жұмыс өтті. Қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан Astana AI Film Festival халықаралық байқауында жүлдегер атанды. Оның «It Was Just a Joke» атты комедиялық фильмі «Үздік кейіпкер» номинациясын жеңіп алды.
Фильмнің сюжеті қарапайым әзілден басталып, біртіндеп үлкен қақтығысқа ұласады. Автор туындыда жеңіл әзіл мен кейіпкерлер арасындағы диалогқа басымдық берген.

Гран-при мен 450 мың долларды Латвиядан келген Николай Шестак «The First Honest Day» фильмі үшін жеңіп алды. Екінші орынды үндістандық «SITARA» фильмі иеленіп, авторларына 200 мың доллар берілді. Үшінші орын мен 100 мың доллар испаниялық «Looking For Perseida» фильміне бұйырды.

Биыл Astana AI Film Festival-ге әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде 25 фильм финалға жолдама алды. Финалистердің жұмыстарын кино, технология және креативті индустрия саласының халықаралық сарапшыларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Astana AI Film Festival-дің жалпы қоры 2 миллион долларды құрады. Оның 1 миллион доллары жеңімпаздарға берілсе, қалған жартысы AI-командалардың өндірісін дамытуға жұмсалды.

Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы