Бөліп төлеуге қатысты қандай өзгеріс енгізілуі мүмкін?
Ұлттық банк «Бөліп төлеу» нарығын реттегісі келіп отыр. Былтыр тұтыну несиелерінің құрылымында бөліп төлеудің үлесі 19%-ке жеткен. Ал қазір барлық қарыз алушылардың 63%-і осындай сервистерді тұрақты пайдаланады.
Мұндай «Buy Now, Pay Later – Қазір ал, сосын төлейсің» қызметін банктер мен микроқаржы ұйымдары рәсімдемейді. Сол үшін де ҰБ реттеу керек деп отыр: себебі бұл қарыз адамдардың кредит тарихында көрінбейді. Ал банктер клиенттің қарыз жүктемесін көрмегесін, қарызы жоқ деп ойлайды, несиені бере береді, бере береді. (Тұтыну несиесін таратуға шебер екендерін қосып қойыңыз).
Сонымен бірге түрлі шектеулерді айналып өтуге көмектескіш брокерсымақтар да қаптап барады. Ал бізде «бір реті болар» деп несие рәсімдеуге құштарлықтың зор екені рас. Әңгіме базалық ас-ауқат ала алмай қиналып жүргендер туралы емес.
Әрине, мұндай инструментті жою керек деген әңгіме жоқ. Әңгіме – шығуы азап қарыз құдығына құламау туралы.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Бүгінгі бөліп төлеу – кешегі «көк дәптердің» заманауи нұсқасы. Кезінде қарызға зат алғанда көпшілік саудагердің қас-қабағына қарайтын. Берешектің барлығын мына «көк дәптерге» жаздырып, «екі бөліп беремін» деген келісімдер әлі де есте. Ал қазір адам да, қоғам да өзгерді. Қарыз енді дәптерге емес, келісімшартқа жазылады.
Бүгінде бәрі керісінше. Саудагер сізге қарайды! Дұрысы, қалтаңызға. Бастысы, «байлап» алса, болды. «Buy Now, Pay Later». Қазір ал, сосын төлейсің.
Бүгінде бөліп төлеуді тек банктер ғана ұсынбайды. Дүкендер, қаржы саласында жұмыс істемейтін компаниялар да айналысып жатыр. Олардың банктерден басты артықшылығы...
Перизат Бауыржан, қаржыгер:
Сенің төлем қабілетіңе қарамайды. Алдыңғы уақытта несие тарихыңда қалай төледің, қазір қарызың бар ма, жоқ па – қарамайды. Ең бастысы – дүкенде тауардың өтуі. Келісімшартқа қол қойдырып, міндеттеме береді қолыңызға. Болды!
Ерлан Кәрімов, экономист:
Мемлекеттік органдардың қолындағы ақша мен халықтың қолындағы қарыз бірдей болып тұр. Ол өте қомақты қаражат. Және оның үлкен бөлігі сол BNPL-дер, тұтынушылық несиелер.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Ұлттық банк дерегінше, қазір Қазақстандағы кредиттердің жалпы көлемі – 53,4 трлн теңге. Соның 47,4 пайызы (25,3 трлн теңге) – бизнеске, қалғаны (28,1 трлн теңге) халыққа берілген кредиттер. Кейінгі жылдары бөліп төлеу нарығы айтарлықтай өскен. Былтыр тұтынушылық кредиттердегі BNPL үлесі 19 пайызды құраған. Мамандар бұл жерде мәселе – нарықтың өсуінде емес, қарыздың көлеңкеде қалуында дейді.
Рүстем Тоқтаров, қаржы сарапшысы:
BNPL-провайдерлер мен ұйымдар пайда болды. Олар көлеңкеде қалып қойды. Олар кредиттік бюроға, негізгі ақпарат көзіне азаматтардың қаржылық жүктемесі туралы ақпаратты енгізбейді.
Сондықтан банктер несие берерде азаматтардың қарыздарын толық көре алмайды. Сырттай «таза» көрінген клиентке несие рәсімделеді. Мысалы, азаматтың айлығы 300 мың теңге делік. Оның 120 мың теңгесі бөліп төлеуге, тағы 100 мың теңгесі несиеге кетсе, жалпы айлық табысының 220 мың теңгесі қарыз өтеуге жұмсалады.
Ерлан Кәрімов, экономист:
Әр адам түсіну керек. Қарыз алдың ба, міндетті түрде төлеу керексің. Егер адам кредитін төлемейтін болса, біздің несиелік өнімдеріміз үнемі қымбат болады. Өйткені ол нақты төлейтін адамның мойнына жүктеледі.
Перизат Бауыржан, қаржыгер:
Ең басты қауіп – ешқандай комиссия болмағанның өзінде де төлей алмаған жағдайда қайтарымы үлкен болады. Сот арқылы болатынын түсіну керек.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары беретін несиелер заңмен реттеледі. Ал дүкендер мен маркетплейстер, BNPL-провайдерлер беретін қарыз азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жүреді. Сәйкесінше, қаржылық жағдайыңыз қиындап кетсе, соттан тыс банкроттыққа жүгіне алмайсыз. Берешек бәрібір мойныңызда болады. Қазір бұл нарыққа тұрмыстық тауарлармен қатар көлік, жылжымайтын мүлік саласы да кіріп жатыр. Мәселен, «жалға алып, кейін сатып алу» схемасымен көлік алсаңыз...
Рүстем Тоқтаров, қаржы сарапшысы:
Автомобильді иелену құқығы сізде болмайды. Экономикалық жағдайыңыз нашарлап, кейінгі төлемдерді төлей алмай қалған жағдайда алдында төлеген ақшаңызды өндіре алмаймыз. Және сіз оған қарсы ештеңе жасай алмайсыз. Кілтті алып қояды. Болды! Азаматтық заңнаманың осындай ерекшелігі бар.
Қыркүйекте Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөліп төлеу және BNPL нарығына қатысты дискуссиялық құжат жобасын жариялады. Реттеуші органдардың нақты ұсынысы мынадай: BNPL және бөліп төлеу туралы барлық деректі кредиттік бюроларға беру, клиенттің нақты төлем қабілетін бағалау, мәміленің толық құны мен шарттарын ашық көрсету, айыппұл мен өсімпұл мөлшерін шектеу, сондай-ақ қаржылық кеңесшілер мен кредит брокерлерін лицензиялап, қатаң бақылауға алу.
Нұрболат Сахи, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметкері:
Бұл мәселе бойынша қандай да бір нақты шешім қабылданды деу ерте. Жаңа бастама ашық талқылауға шығарылып отыр. ҰБ басқа да реттеушілер мен нарық қатысушыларының пікірін ескере отырып, жалпыға ортақ тиімді шешім қабылдауды көздейді.
Ерлан Кәрімов, экономист:
Адамдар берешегін банк алдында төлемейтін болса, банктердің жағдайы қиындайды. Ал егер банк қызметі тоқтайтын болса, сәйкесінше, бүкіл экономика тоқтайды.
Уәкілетті органдар осы құжат арқылы делдалдық қызмет көрсететін, яғни кредит брокерлеріне қойылатын талапты күшейткісі келеді.
Рүстем Тоқтаров, қаржы сарапшысы:
Жеке брокерлер қазіргі таңда заңмен реттелмейді. +Ақшаның соңына түскен осындай консультанттар «көмегін» тигізіп, несиелік жүктеме беріп қойса, үйде тыныштық қалмайды және адам қаншама ақшасын жоғалтады.
Иә, қазір әлеуметтік желіде несие тарихыңды жөндеп, кредиттерден жеңілдетіп беремін дейтін жарнама көп. Тиісті талаптарды айналып өтудің жолын тапқандар қып-қызыл бизнес қылып отыр. Алайда жауапкершілік түптеп келгенде өзіңізде болады. Сондықтан...
Брокердің көмегімен мақсатыңызға қай деңгейде, қай дәрежеде жетесіз, соған пара-пар соманың мөлшері белгіленсе... Неге десеңіз, 100 пайызын төлеп, көздеген мақсатыңызға жетпесеңіз, ол зая кеткен ақша болады ғой.
Әзірге мұның барлығы – ұсыныс. 3 қарашаға дейін талдап-таразыланбақ. Бірақ бір анық нәрсе бар. Ол – бөліп төлеуге толық тыйым салынбайды. Десе де, қарыз алу оңайлаған сайын, оны төлеу де ауырлай түседі. Сондықтан «қазір ал, кейін төле» деген шешімнің екінші бөлігі – «кейін оны қалай төлеймін?» деген сұрақ. Иә, қарыздың атауы өзгергенімен, өтеуі өзіңізде қалады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы