Кітап оқып, 10 млн ұтып ал: Марафонға 1,3 млн-нан астам адам тіркелген
«Кітап оқып, 10 млн теңге ұтып ал!» шарасы туралы, дәлірегі, марафоны туралы естіген шығарсыз. Басты жүлде: үздік 10 оқырманның әрқайсысына 10 млн теңге беріледі. Биыл қыркүйектен 2027 жылғы наурызға дейін 15 кітап оқу керек. Марапаттау 23 сәуірде – Ұлттық кітап күнінде өтеді. Тізімге отандық және әлем әдебиетінен 345 шығарма енгізілген. Оқырмандар түрлі санатқа бөлінген. Адам тануға, қоғам тануға көмектесетін ең керемет құрал – әдеби, философиялық шығармалар. Жауһарын теріп оқығандар, байқайсыз ба, жымиып қана отырады... Бұл тамаша шараны жақсылап түсіндіру керек.
Салима апа немерелерімен бірге марафонның «Кітап оқитын әулет» бағытына қатысып жатыр. Айтуынша, отбасында мұндай дәстүр бұрыннан бар. Бұрын балаларын оқуға үйретсе, енді немерелеріне сол дәстүрді сіңірмек.
Бұрын өзі ауылда тұрғанда да балалармен бос уақытымызда көбінесе өлең жаттаттыруға үйрететінбіз балаларды, содан басталды. Кітаптың ең жақсы қасиеті – баланың бос уақыты болмайды екен.
Интернет өркен жайған заманда балаларды кітапқа қызықтыру қиын. Сондықтан Салима ападан мұның сырын сұрадық.
Балаларды жарыстырып, солай оқыттым. Кім жақсы оқиды деп. Басында ақша беремін, қалай оқысаңдар деп, басында солай үйреттім. Одан кейін қазір балалар өзі оқып жатыр.
Салима апаның немерелерімен кітап оқитынын көрген келіні Балнұр да соңғы үш жылда жүйелі түрде оқуды бастаған. Кітап көп ойымды өзгертті, – дейді.
Көп нәрсені саралап ойлайсың да, кітап оқығаннан кейін тереңдеп ойлауға тырысасың. Бұрын, мысалы, кейбір заттарға ат-үсті қарайтын едім де. Ал енді кітап оқығаннан кейін адамның ой-санасы, қоғамға да, үйдегі балаларға да көзқарасың өзгере бастайды екен де.
Балнұр тек көркем әдебиет емес, өзін дамыту, ақша табуға қатысты да оқып жүр. Бірақ көркем әдебиет тартып тұрады, – дейді. Мысалы, осы жолғы марафон тізімінде бар кейбір кітапты ол бұрын оқыған. Қазір қайта ашсам да, жаңадан оқып жатқандаймын, – деді.
Бірінші оқыған кітабыңды бұрын оқыған, қайтадан қайталап оқысаң, жаңа нәрсе түйесің де. Біз күнделікті өмірде сөйлейтін сөздеріміз қайталанады да, балаларға айтатын сөзіміз де қайталанады. Әлеуметтік желіден тыңдайтын сөздеріміз де, ал кітаптағы сөздерді, мен байқаймын, көбіне қайталанбайтын сөздер де.
Бұл әулет Астанадағы 7-ші балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары. Мұндағы кітапханашы осы әулет сияқты 20-дан астам оқырманымыз марафонға қатысып жатыр, – дейді.
Сол оқырмандарға арнап мына жақта біз кітап көрмесін ұйымдастырғанбыз. Бұл жерде сол тізімде бар кітаптардың біздің кітапханада бар кітаптар қойылып тұр.
Бұл бір ғана кітапханадағы көрініс. Ал ел бойынша марафонға 1 млн 300 мыңнан астам адам тіркелген. Тіркеу 27 қыркүйекте аяқталған. Олар 7 бағыт бойынша сайысқа түседі.
6–10 сынып оқушылары, мектеп пен колледж педагогтері, колледж студенттері, университет студенттері, отбасылық командалар, мемлекеттік қызметкерлер және зияткерлер деп аталатын бағыттар бар.
Соңында 8-ші «Парасат» бағыты да қосылған, бірақ бұл конкурстан тыс. Яғни, 10 млн теңгеге таласпайды. Ал жаңағы бағыттар бойынша алдымен аймақтарда іріктеу өтеді. Әр аймақтың жеңімпазы 600 мың теңге ұтып алады. Әр өңірде оза шапқан 10 адам, жалпы 200 адам көктемде Астанаға жиналады. Жеңімпаздарды анықтаудың түрлі тәсілі бар.
Әр кітапты оқып болғаннан кейін қатысушы арнайы сайтта кітап туралы өз пікірін жазып, бейнепікір қалдырады. Осы белсенділіктері үшін қатысушыларға ұпай беріледі. Наурыз айынан бастап марафон қатысушылары өз өңірінде оқыған кітаптарының мазмұны бойынша тест тапсырып, зияткерлік квиздерге қатысады.
Оған қоса, оқыған кітаптарды көпшілік алдында ашық талқылау да өтеді. Айта кетейік, марафонға жалпы 345 кітап іріктелген. Бұл кітаптарды 15 адамнан құрылған комиссия бекіткен.
Мүдделер қақтығысы болмауы үшін тізімге енген шығармалардың авторлары мен баспа өкілдері комиссия құрамына енгізілмейді, ал платформадағы кітаптар тізімі жыл сайын өзгертілетін болады.
Тізімдегі әлемдік классиканың үлесі шамамен 35–40 пайызды құрайды. Бұл да кездейсоқ емес. Біз оқырманға тек бүгінгі кітаптарды емес, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған көркемдік және интеллектуалдық тәжірибесін де ұсынуымыз керек.
Кітаптар тізімі тек көркем әдебиеттен тұрмайды. Арасында әлем тарихы мен саяси-дипломатияға қатысты ғылыми еңбектер бар. Былтыр жалпыұлттық сауалнамада таңдалған 100 кітаптың 40-ы енген. Сондай-ақ ұмытылып бара жатқан шығармалар да қамтылған.
Мысалы, мына Сафуан Шәймерденов деген жазушы бар. Ұмытылып қалды қазір. Соның жаңағы 15 кітаптың ішіне соның «Инеш» деген кітабы енді. Ал ол кітап шықпаған. Көптен шықпады. Соны қазір іздеп жатыр. Яғни, біз кітаптың да қайта жандануына, халықтың ортасына кіруіне осы бағдарлама көмектесіп жатыр.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша 6 айда 15 кітап оқуы тиіс. Бұл сан да кездейсоқ емес, әлемдік зерттеулерге сүйеніп жасалған.
Америкалық журнал бар. Соның зерттеуі бар. Ол жерде 102 кітап оқитын мемлекеттің ішінде Қазақстан 95-орында тұр. Біз алдыңғы 10-дыққа кіретін мемлекеттерде әр тұрғын кемі 15 кітаптан оқиды екен.
Мұндай зерттеулер аз емес. Мысалы, Ұлттық кітапхананың директоры баланы кітапқа қызықтыруға қатысты мынадай дерек оқығанын айтты.
Бала өмірге келген кезде айналасынан жоқ дегенде 80 кітап көру керек үйде. Сонда бала кейін кітапты өзі қолына алатындай психологиялық әсері бар екен оның.
Марафонның мақсаты да осы. Ол 5 жылға жоспарланған. Яғни, 5 жылда кітап оқитын буын қалыптастыру. Бірақ жастарды тек ақшамен қызықтырамыз ба, марафон біткесін бәрібір оқу қайтадан тоқтап қалмай ма деген пікірлер де айтылып жатыр.
Біз екі жыл бұрын жастар арасында өткіздік. Жолдама қойдық шетелге, қаржылай жүлде тіктік. Сол кезде өте көп мынадай пікір естідім. Біз шығарманың қызығына кіргеніміз соншалық, біз Дубайға жолдаманы да ұмытып кеттік деп. Кітап оқуға қатысты ешқандай жобалар, түрлі осындай марафондар, жарыстар, челлендж болсын, акция болсын, оның ешқайсысына сын айтып, тосқауыл қоюға болмайды. Сосын мынадай дүние айтқым келеді, әсіресе жас ата-аналарға. Жас сәбиіңіз болса, сіз осы бастан ең бірінші ауыз әдебиеті және төл әдебиетпен ауыздандыра беріңіз. Ол бала өскен кезде оны ұмытып қалуы да мүмкін, бірақ рухани өзегінде тұрады.
Қалай десек те, кітаптың адамға берері кей өлшемдерге сыймайды. Өйткені оқылған әр шығарма әр адамға әр түрлі ой қалдырады. Ал қалыптасқан әдет ұзаққа жалғасады. Мысалы, Салима апа бүгін немерелерін кітапқа қызықтырса, ертең бұл дәстүр олардың балаларына берілуі мүмкін. Марафонның мақсаты осы. Бәлкім, сайыста он миллион теңгені бірнеше адам ғана ұтып алар. Бірақ басқа 1 млн 300 мың адамның да оқыған кітабының пайдасын көрмеуі мүмкін емес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы