Басты Жаңалықтар ЖИ ұстазға пайдалы, ал оқушыға ше? СhatGPT-ден көшіріп, тапсырма орындау үрдісі

ЖИ ұстазға пайдалы, ал оқушыға ше? СhatGPT-ден көшіріп, тапсырма орындау үрдісі

Елімізде мұғалімдерге, студенттер мен оқушыларға арналған 165 мың ChatGPT лицензиясын беру жөнінде келісім жасалған. Бұл мұғалімдердің үй тапсырмаларын тексеру сияқты көп уақыт кететін жұмыстарын жеңілдетуге көмектеседі. Тағы нені оңтайландырады?

Ал біздің жалғастырып кететін екінші сұрағымыз бәрінен маңызды. Оқушылардың сабаққа дайындалу барысында ЖИ көмегіне арқа сүйеудің шегі. Көшіріп алу мен көмекші құрал ретінде пайдалану шегі. Осыны бағамдап жатырмыз ба?

The Economist басылымына шыққан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының білім және дағдылар жөніндегі директоры Андреас Шляйхердің мақаласында ақпаратты бетінен қалқып, атүсті өңдеу тенденциясы туралы жазған. Ал зерттеулер нәтижесінде чат-боттардан дайын жауап алатын оқушылардың деңгейі бәрібір төмен болатыны көрінген. Бұл зердеге тоқу ниетінің төмендігін де байқатады.

Шляйхер мұны спортпен айналысатындарды қарап жүретін адамның тән саулығы артпайтынымен салыстырады. Ол үшін спортпен өзің шұғылдануың керек. Білім алу да сол сияқты. Жасанды интеллект сұрақты дұрыс қоя білуге, анализ жасауға, тиімді оқуға көмектесуі керек. «Ал біз бейнелеп айтқанда: клиникалық сынақтан өтпесе де, жаңа технологияларды мектептерге қарқынды енгізіп жатырмыз. Бірақ оларды қолданудың соңы неге апаруы мүмкін екенін соңына дейін түсінген жоқпыз», – дейді Андреас Шляйхер.

Иә, тақтаға бормен бұрқылдатып жазатын дәстүрлі әдіс келмеске кететін секілді. Қазір ЖИ-ні жетік меңгерген ұстаздар технологияны қолмен басқарады. Астанадағы 84 мектептің мұғалімдері үшін ЖИ дайын жауап алудың құралы ғана емес, күрделі процестерді модельдеп, дербес бағдарламалар мен визуалды платформалар әзірлейтін таптырмас көмекшіге айналды.

Мейіржан Мұнтахаев, физика пәнінің мұғалімі:

Қазір Қазақстандағы үлкен АЭС-ті біз модельдеп жасап көрдік. Реакторлары қалай болады. Жұмыс жүйесі қалай? Инженерлік есептері шығаруға болатыны, яғни біз қазір чат-боттарды ғана емес, кодтау арқылы өз өнімдерімізді жасап жатырмыз.

Осындай цифрлық шешімдердің нәтижесінде балалар енді кітаптағы суреттерге телміріп отырмайды.

Санжар Әкімжанов, физика пәнінің мұғалімі:

Молекулалардың қозғалысын оқушыларға жай ғана кітаптағы сурет арқылы түсіндіру қиынырақ. Сондықтан мен ЖИ көмегімен өзім платформа құрдым. Кітаптағы мына суреттің 3D моделін жасап, сабақ барысында түсіндіремін.

Тіпті үй жұмысын орындау және тексеру жұмыстарын электронды форматқа ауыстыруға болады.

Сәулет Дәулетұлы, физика пәнінің мұғалімі:

Үй жұмысына арнайы осындай сайт арқылы жасаймын. GitHub-тың көмегімен. Сілтемесін «Білім класта» сілтеме қоятын орынға қойып қоямын. Оқушылар тапсырманы аяқтап болғаннан кейін менде Google Sheets деген документация бар. Тапсырған бағалары, сыныбы, аты-жөні, қай уақытта тапсырды – бәрі осындай форматта көрсетіледі.

Жасанды интеллект қағазбастылықтан сәл де болса арылтып, бітпейтін есеп-қисап жұмыстарын да жеңілдеткен сыңайлы.

Мейіржан Мұнтахаев, физика пәнінің мұғалімі:
2019 жылдары 19 қағаз өткізетінбіз, есеп, бір класқа, оның әрқайсын дайындап отыру көп уақытты алатын. Сол қағаздарды қазір өткізбейміз. Барлығы автоматтандырылған, бір жүйеде. Бір чатта. Даже қазір біздің мектепте бір чат жоқ. Корпоративный бір чат жасап қойдық, бәрі соның ішінде. Завучтың папкасына жиналып жатыр.

Ақмарал Бимендина, бастауыш сынып мұғалімі:

Бұрын түнгі 2-3-ке дейін дайындалатынмын. Денсаулығыма да әсер етті. Бұрын 4–5 сағат дайындалатын жұмысты қазір 4 пәнге максимум 30 минут уақыт кетеді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Иә, жасанды интеллект күнделікті сабақ жоспарын әзірлеу, оқушылардың деңгейіне қарай тапсырма құрастыру, бағалау мен талдау жүргізу секілді ұстаздардың бірқатар жүктемесін жеңілдеткені рас. Енді оны қолданудың ауқымы кеңейетін секілді. Жуырда еліміз OpenAI компаниясымен ортақ келісім жасап, білім беру саласына бейімделген ChatGPT Edu платформасының 165 мың лицензиясын сатып алды. Демек, 165 мың ұстаз бұл мүмкіндікті тегін пайдаланады деген сөз.

Аида Мейірқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» басқарма төрағасының орынбасары:

Екі кезеңмен жүріп жатыр. 85 мыңы қазіргі таңда қолданып жатыр. Келесі 85 мыңына енді беріліп жатыр.

Сәйкесінше, бұл мұғалімдердің жүктемесін жеңілдетуге, сабақ жоспарын әзірлеуге, түрлі генерациялық жұмыстар жасап, сабағын қызық өткізуге көмектесетін жақсы құрал деп айтуға болады. Өте маңызды тұсы – деректерді қорғауға бағытталған функционалы бар.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Жасанды интеллект білім беру саласына жаңа мүмкіндік әкелгенімен, білім алушылардың зейініне кері әсер ете бастаған. Яғни, көбі ChatGPT арқылы тапсырманы көшіреді, ізденуге, еңбектенуге ерінеді. The Economist басылымына шыққан мына бір мақалаға зер салсақ. 2025 жылы АҚШ-тағы 15 жастағы оқушылардың 35 пайызы математикадан, 26 пайызы оқу сауаттылығынан, ал 22 пайызы жаратылыстану ғылымдарынан базалық деңгейге жете алмаған. Мәселе тек АҚШ-қа ғана қатысты емес. 2018–2025 жылдар аралығында PISA-ға қатысқан елдердің төрттен үшінде оқу сауаттылығы төмендеген. Әсіресе ақпаратты талдап, бірнеше дереккөзді салыстырып және оқығанын сыни бағалай алмайтындардың қатары артқан. Мамандар бұған технологиялық үдерістің ықпалы барын жоққа шығармайды.

Айдос Жұманазаров, білім саласының сарапшысы:

Бала оны бүкіл мәселелерін шешуге қолданатын болса, баланың өзін де ойлану дағдысы мен шешім қабылдау дағдысы қалыптаспай қалады. Бұл ең үлкен мәселелердің бірі. Білім саласын түбегейлі толық қарау қажет. Неге? Өйткені жақында ғана PISA-ның нәтижелері жарияланды. Сол жерде оқу сауаттылығынан төмен көрсеткіште тұрмыз. 16 жыл қатыссақ, 16 жылдан бері оқу сауаттылығынан өте төмен деңгейде келе жатырмыз.

Нұрәлі Бегалиев, NU оқытушысы:
Массачусетс институтының зерттеуінде ЖИ көмегімен үнемі көшіріп жаза салатын жастардың когнитивті белсенділігі өте төмен екені байқалған. Мен өзімнің студенттеріме үнемі айтамын. Оқыту, үйрету үдерісі – күрделі болу керек. Егер тапсырма жеңіл болса, мидың нейрондық қызметтері әлсірей бастайды.

Оқушылардың өзі де сөйтіп істейтіндерін жасырмайды. Бірі шешу жолын сұрайды. Енді бірі тапсырманы толық ChatGPT-ға тапсырады. ЖИ әр баланың смартфонында бар. Сонымен қатар ГДЗ пайда болды. Олар сол сайттарға кіру арқылы үй тапсырмасын көшіріп алады. Тіпті түсініп қабылдауға ерінеді.

Оқушылардың кейбірі мұның кері салдарын түсінген. ЖИ көп қолдансам, өзімнің қабілетімді жоғалта бастағанымды көрдім. Қазір қолданбаймын деп айта алмаймын. Бірақ өзім үшін қысқартуды шештім. Оқушылардың айласын бірден аңғарған кей ұстаздар тапсырманы басқаша беруге тырысады.

Мейіржан Мұнтахаев, физика пәнінің мұғалімі:
Біз қазір бұрынғыдай үй тапсырмасын бермейміз, мынаны шығарып кел деген, қазір ол қалып қалды. Қазір шығармашылық жағына бағыттауға көштік. Өткен жолы Ньютон заңдарын өткен кезде өмірде, мысалы, қалай қолдандық. Бір бала, мысалы, жасап келді, машинаны өмірде қалай қолданды.

Бірақ бүкіл ұстаз осы әдіске көшті деп айта алмаймыз.

Айдос Жұманазаров, білім саласының сарапшысы:
Жасанды интеллектіні балалардың өмірінен алып шығып тастай алмаймыз. Бұл жерде қалай ойлануымыз керек. Жалпы министрлік тарапынан жасанды интеллект арқылы тапсырмаларды енді қалай бере аламыз. Ол ЖИ қалай-қалай орындаса, біз содан да қалай пайда ала аламыз деген нәрсеге назар аударуымыз керек.

Ричард Керби, халықаралық цифрлық сарапшы:
Шын мәнінде жақсы оқитын студент оны ешқашан пайдаланбайды. Мысалы, АҚШ-та жасанды интеллект арқылы жазылған-жазылмағанын тексеретін қосымшалар бар. Профессорлар оны дер кезінде анықтап, студентке бірден төмен баға қояды.

Аида Мейірқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» басқарма төрағасының орынбасары:
Үйде ата-ана қарап, сабақта педагог алдын алса, бұл қауіптің алдын алуға болады деп ойлаймын. Өмірімізге еніп жатқан үдеріс болғаннан кейін, менің ойымша, шектету, тыйым салу, менің ойымша, мүмкін емес, тек қана жауапты қолдану түйсігін алу.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жасанды интеллект – өткір пышақ секілді. Ептілікпен қолдансаң – керегіңе жарайды, олақ болсаң – бармағыңды кеседі. Сондықтан дәл қазір оқушының ЖИ қолдану ережесінің контурын белгілеп алатын уақыт. Әйтпесе дамуда бетбұрыс жасайды деп отырған ұрпақтың ол мүмкіндігі азаюы мүмкін. Себебі көшіру, ұрлау, қайталау – бетбұрыс жасайтын адамның тірлігі емес.


Бөлісу