EXPO – 2017 көрмесін ұйымдастыруды қолға алған Қазақстан баламалы қуат көздері нысандарын салуды бастады. Астанаға жақын Ерейментауда да желден энергия өндіретін жаңа нысан салынып жатыр. Құрылысы басталғаны жақында телекөпір кезінде хабарланған.
«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қолға алған жобаның қуатын бастапқыда 45 МВт кейін тіпті 300 МВт-қа дейін жеткіземіз дейді. Мұнша қуат шамамен 80 мың пәтерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді. Негізгі мақсат - ЕХРО-2017 нысандарын экологиялық таза қуатпен қамтамасыз ету.
Электр энергиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. 5-10 минутқа жарық сөнсе, күніміз қараң екенін түсінеміз. Бірақ, сарқылмайтын байлық, таусылмайтын қазына болмайды. Халықаралық энергетикалық агенттік дүниежүзінде 2015 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі бүгінгіге қарағанда 1,55 есе артатынын дәлелдеді.
Демек, жасыл экономикаға көшудің қажеттілігі артып келеді. Қазақстанда балама энергияны өндіру қолайлы, дейді ғалымдар. Яғни, судан, желден қуат алуға болады. Ақмола облысында алғашқы жел станциясының құрылысы басталып та кетті.
Айнұр Омар, тілші:
EXPO-2017 көрмесін энергиямен қамтамасыз ететін Ерейментауда бой көтерген жел станциясы осы. Табиғаттың тегін күші арқылы жылына 60 мың тонна көмір үнемдеуге болады. ТМД-да теңдесі жоқ бұл жоба жылына 80 мың пәтерді энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Теңдессіз дейтініміз, жел станциясының құрылғылары Қазақстанның климатына арнайы жасалған. Яғни, шілденің шіліңгір ыстығына да, ақпанның ақтүтек боранына да шыдайды.
Жомарт Момынбаев, «Samruk-Green Energy» ЖШС-ның төрағасы:
Біз осы жобамызға отандық және шетелдік мекемелерді шақырғанбыз. Біздің неміс серіктестеріміз жел қондырғыларын Ақмола облысының ауа райына сәйкес бейімдеді.
Жоба құны 17 миллиард, 800 миллион теңге. Жел станциясы қала мерекесіне орай ашылғанымен, негізгі жұмысын келер жылы бастамақ. Шағын станция әзірге 45 МВт қуат өндіреді. Бірақ, өндіріс қожайындарының арық сөйлеп, семіз шықпақ жоспары бар. Бұл маңда әлі 300 МВт баламалы энергия өндіруге болады.
Әзірге, елімізде қуат көзін үнемдеуге ұмтылып отырған кәсіпорын некен-саяқ. Есесіне, энергияның 20 пайызы текке шығындалып жатыр. Бұл шамамен бірнеше қуатты электр станциясының еңбегі зая кеткенімен бірдей.
Ілияс Шойбекұлы, «1-жел электр станциясы» ЖШС-ның директоры:
Ерейментау жел электр паркінде 3 жел электр қондырғысын орнаттық. Осы жылдың аяғына дейін 22 жел электр қондырғысы орнатылып, іске қосылатын болады.
Аспанмен таласқан жел станциялары алыстан көрінеді. Бір қондырғының ұзындығы 85 метр, ал ротордың көлемі 93 метрге жетеді. Ғалымдар өңірдің ауа райын ұзақ зерттегеннен кейін ғана жел станциясын салуды қолға алған. Нұрлыбек Төлеген - осы ауданның азаматы. Айтуынша, жерлестері Ерейментау да EXPO-2017-ге үлес қосады деп қуанып жүр.
Нұрлыбек Төлеген, Ерейментау ауданының тұрғыны:
Қысы қатты болады, жазы осындай жел. Ертеде Асан Қайғы Жерұйық іздеп, желмаясымен жүрген кезде осы Ерейменді аралап өтіпті дейді. Сонда «Е, мынау Ереймен деген өңір малға жайлы, халыққа жақсы қоныс болар, жеті есігі бар екен» депті.
Бұл жерде күндіз-түні ұйытқыған жел басылмайды. «Жеті есігі бар дейтіні», сондықтан болса керек. Нысандар жел жылдамдығы секундына 3 метр болғанда ғана жұмыс істейді. Балама энергия көздері табиғатқа залал келтірмейді. Керісінше, қоршаған ортаға шығатын зиянды заттар көлемін азайтады.
Мысалы,1 мегаваттық жел генераторы жылына 1 800 тонна көмірқышқыл газының, 9 тонна күкірт диоксидінің, 4 тонна азот оксидінің ауаға тарамауына ықпал етеді. Жоба әрі зиянсыз, әрі шығынсыз. Әлемдік деңгейдегі станцияда осы ауданның халқы жұмыс істемек.
Ілияс Шойбекұлы, «1-жел электр станциясы» ЖШС директоры:
Бірінші жартыжылдықтан бастап осы Ерейментау өңірінің 10 адамы қызметке қабылданып, арнайы шетелдік оқуға жіберіледі. Осында қызмет жасайтын болады.
Ерейментау ауданында 29 мың адам тұрады. Мал жақсы өседі. Ауыл халқы қара малмен күн көріп отыр. Ал орталықта қиыршық тас шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Жел станциясы іске қосылғанда, тағы да біраз адам жұмыспен қамтылмақ.
Ермек Нұғыманов, Ерейментау ауданының әкімі:
Қазіргі күні 200-ге жуық адам станцияның құрылысында жұмыс істеп жатыр. Одан қалды бұл қондырғылар орнатылғаннан кейін тағы да жұмыс орындары ашылып, осында сол елдің адамдары жұмыс істейді деп ойлаймыз. Бұл енді аяғына дейін салынатын болса, ол 100 МВт-тан артық энергия береді. Екінші кезеңде тағы да қондырғылар орнатылады.
Балама энергия көздері бойынша Қазақстанның әлеуеті зор. Ал жел энергиясының қуаты ешқашан сарқылмайды. Ерейментаудан бөлек, болашақта тағы бірнеше жерден осындай станция бой көтермек. Бірі - Алматы облысының Шелек ауданында, екіншісі - Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде салынбақ. Демек, «болашақтың энергиясы» энергия тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Айнұр ОМАР