Басты Жаңалықтар Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі

Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі

Үкімет зейнетақы жүйесінің жаңа үлгісін дайындап жатыр. Зейнетақы қорынан ақша алу ережесін өзгертеді. Шотта қалуы тиіс ақша көлемін көбейтеді. Тиісінше, ала алатын ақша азаяды.
Соңғы бес жылда азаматтар зейнетақы шотынан 5 трлн теңге алған. 1 трлн-ін 35 жасқа дейінгі азаматтар шешкен. Үкімет осыдан қауіптенеді. Кейін шоттары тақ-тұқ болып қала ма деп.
Тақырыпты тікелей эфирде Елдос Есенболмен талқылап көреміз.
1. Жоғары атқарушы билік, оның ішінде халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалай түсіндіреді? Менің айтып тұрғанымды тарқатсаңыз. Әу баста кедейлік деңгейін мойындап жасалған қадам екені түсінікті. Бірақ осынша қаражат алынады деп болжамаған сияқты.
2. Жаңа үлгіні 4+1 деп сипаттайды. Осыны жақсылап тарқату керек.
Жоғары атқарушы билік, оның ішінде халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалай түсіндіреді? Менің айтып тұрғанымды тарқатсаңыз. Әу баста кедейлік деңгейін мойындап жасалған қадам екені түсінікті. Бірақ осынша қаражат алынады деп болжамаған сияқты.
Кеш жарық! Иә, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет брифингінде зейнетақы қорындағы жеткілікті шекті есептеудің екі әдісі қаралып жатқанын айтты. Біріншісі – оны инфляция деңгейіне қарай көтеріп отыру. Екіншісі – «актуарлық әдіс». Бұл дегеніңіз әр адамның жеке жағдайына көбірек көңіл бөлу. Мысалы қазір жеткілікті шекті ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем, күнкөріс деңгейі сияқты көрсеткіштерге қарап есептейді. Ал актуарлық әдісте адамның жасы, болашақта алатын зейнетақысы, халықтың қартаюы, инвестициядан түсетін табыс және жыл сайынғы өсім – бәрі ескеріледі.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Өткен 5 жылдың арасында талдауды жүргіздік, азаматтарымыз 5 триллион зейнетақы қорынан шешіп алды. Несие бар, еміне бар деген сияқты. Бірақ алдымызда тағы 5 триллионды солай шешіп тастаса, жинақтау қорының принципі жұмыс жасамайды.
Соңғы 5 жылда зейнетақы қорынан шығарылған 5 триллион теңгенің 1 триллионын 35 жасқа дейінгі азаматтар алған. Зейнетақы қорынан артылған ақшаны жұмсауға 4 миллион 300 мың өтініш түскен. Оның 3 миллионы үй жағдайын жақсартуға, 1 миллионы емге деп көрсеткен. 2021 жылы басталған зейнетақы жинағындағы артылған сомманы жарату бастамасы әлеуметтік мәселені шешудің құралы ретінде қаралғаны рас. Себебі ресми билік елдегі кедейлік деңгейі 5–6 пайыз шамасында дегенімен, сарапшылардың болжамынша табысы төмен, қаржылық жағдайы тұрақсыз халықтың үлесі әлдеқайда көп.
Алайда мұндай көлемде ақша шығарылатыны болжанбады деген экономикалық шолушы Айбар Олжайдың пікірінше, Үкімет азаматтардың қордан қаражат алу мүмкіндігін бәрібір бірден тыйып тастай алмайды. Сондықтан сатылап өсіру арқылы ақша ала алатын азаматтар санын азайтады. Әсіресе «емге» деп алынатын қаражаттың алаяқтық жолмен де шығарылғаны рас. Зейнетақы қорынан ақшаны заңсыз шығаруға қатысты 720 қылмыстық іс тергелген. Оның ішінде 42 стоматологиялық клиника айыпты деп танылған.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Көп ақша, 25–30 пайызы шыққан ақшаның делдалдардың қалтасында кетті. Делдалдар оны криптоактивтерге айналдырып, мемлекеттен шығара бастады. Бұл мемлекеттен капитал шығу. Заңсыз шығу.
Жаңа үлгіні 4+1 деп сипаттайды. Осыны жақсылап тарқату керек.
Иә, 4+1 деген бұл зейнетақыны жинақтау тәртібіне қатысты өзгерістердің бірі. Ол былай жұмыс істейді: қазір азаматтың өз жалақысынан 10 пайыз зейнетақы қорындағы жеке шотына аударылады. 2024 жылдан бастап қосымша жұмыс берушінің жарнасы енгізілді. Әуелде ол 1,5 пайыз болған, қазір 3,5 пайыз. 2028 жылға дейін соны 5 пайызға жеткізу жоспары бар. 4+1 деген модель осыдан шығады. Яғни жұмыс беруші 4 пайызды жұмысшының жеке шотына аударады. Сонда азаматтың жеке шотына түсетін қаражат 14 пайызға дейін ұлғаяды. Ал қалған 1 пайыз барлық қазақстандық үшін ортақ қорға кетеді. Бұл бір қарағанда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс істеу принципіне ұқсайды.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Бізде пенсиялық жүйеде Қазақстандағы адамның орташа жасына қарайды ғой. Адам пенсияға шықты, мысалы ер адамды алайық 63-те. Орташа өмір сүру деңгейі 78 жас дейді. Сонда арасында 15 жыл қалады ғой. 15 жылға бөліп береді. Бірақ адам 15 жылдан артық өмір сүріп кетсе, 78 емес 82-ге дейін жасаса, жаңағы 4 жылда ол базалық пенсияны алып қана қиналып қалады. Ұзақ өмір сүретін адамдардың өзінің жинаған зейнетақы жүйесі біткенде сол қор кішкене жағдайлары қиын болып қалмауы үшін 1 пайыз жинаған ақшаны ақырындап бөліп үлестіре береді.
Азаматтың жеке шотына жиналған қаражат – ол өз меншігі. Оны ешкім таратып бермейді. Ортақ қорға жиналған қаражат қана үлестіріледі. Бірақ сарапшының пікірінше, бұл өзгерістің нәтижесін шамамен 10 жылдан кейін ғана көруге болады. Егер модель қабылданса, оны «тәуекелдерді ескермеппіз» деп тағы өзгертпей, ереже сақтап жұмыс істеу керек дейді Айбар Олжай.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Қайта-қайта өзгеріс енгізу бұл модельге деген сенімнен айырады. Екіншіден, әу бастағы негізгі идеясы бұрмаланып кетеді. Сосын лобби топтар пайда болуы мүмкін. Зейнетақыда ақша көбейген сайын осыны өзінің мақсатына пайдаланып кетейін деген сияқты. Мысалы «пенсияның ақшасын белгілі бизнесмендерге, олигархтарға, комбинаттарға берейік» деген сияқты инвестиция ретінде.
Зейнетақы жинақтаудың 42 жылдық бір циклының өзі әлі аяқталмағанын ескерсек, 1998 жылдан бері бұл жүйеге 4 рет ірі, шамамен 6–7 рет қосымша өзгерістер енгізілген. Бұған жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылғанын, біз атап өткен жаңашылдықтардың тоқетерін алдағы мамыр айының соңына дейін айтатындарын мәлімдеді.

Бөлісу