Басты Жаңалықтар Экологиялық саммитте 2 млрд долларға қандай келісімдер жасалды?

Экологиялық саммитте 2 млрд долларға қандай келісімдер жасалды?

Экологиялық саммит аясында ірі өндіріс ошақтарының ауа мен суды ластауын барынша азайту үшін не істеп жатқаны талқыланды. Өте-мөте өзекті мәселе. Бірінші кезекте адам өмірі, қауіпсіздігі тұрғысынан. Оның ішінде өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін еңбекші қауым мүддесі үшін. Өндірісте зардап шеккен адамдар туралы ақпаратқа келсек, соңғы мәлімет 2024 жылдың есебі: 1400 адам зардап шеккен. 202 адам опат болған. Өткенде ауаның ластануын Өскеменнің мысалында айқын көрсеттік. Қаңтарда далада тыныстау мүмкін болмағаннан айдың жартысын балалар онлайн оқыды. Азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді деген қауіпті заттар ауаны жайлайды...
Несіне күлбелтелейміз, шикізат өндірісі экономиканың күретамыры болып қала беретіні шын. Онда жаңа технологияларды енгізу керек. Керек? Міндет! Саммитте жалпы қандай жобалар ұсынылғаны жайлы Амангелді Сейітханның материалы.
Аманкелді Сейтхан, тілші:

Мен қазір «Вавилон бағында» жүрген сияқтымын. Бірақ бұл Астана. Айналамның бәрі жасанды ағаштар емес, жайқалған жасыл-желек. Экологиялық саммиттің негізгі мақсаты да осы. Жайқалған жасыл желектің барлығын қорғау. Суды үнемдеу. Ауаны таза ұстау. Оның бәрі табиғат үшін, ал табиғат өзіміз үшін.
Бұл жай көрме емес, индустрияның болашақ картасы сияқты. Мұнда «жасыл экономиканы» дамыту үшін түрлі технология, нақты шешімдер ұсынылды. Мысалы, Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі – мұнай қалдықтарын жою. Осы бағытта Қанат Әлиакпаров Еуропада жақсы нәтиже көрсеткен технологияны көрмеге алып келген. Оның сөзінше, Қазақстанда әлі күнге дейін ескі әдістер қолданылады.
Қанат Әлиакпаров, Мұнай қалдығын тазалау компаниясының басшысы:
Қазір мынау қалдықтарды өңдеуге онша көңіл бөлмейді. Көбісі тікелей жағады. Ол тікелей жаққан кезде Ресейдің құрылғыларын алады. Олар тікелей жағып, атмосфераны ластайды. Бізде ол фильтрлер бар, ол жаңағы зиянды заттарды ауаға жібермей ұстап қаламыз.
Еуропада қалдықтарды жою ғана емес, қауіпсіз өңдеу де міндеттелген. Қазақстан Үкіметі де жаңа экология кодексі бойынша талапты күшейтіп жатыр. Мысалы, бұрын мұнай компаниялары қалдықтарды тазалауды, жоюды басқа компанияларға тапсыра салатын, енді бәріне өздері жауапты.
Қанат Әлиакпаров, Мұнай қалдығын тазалау компаниясының басшысы:
Біз топырақты тазалаймыз. Мысалы, мұнай өндірген кезде мұнай құбырлары өте ескі болғандықтан, оларда жаңағы апаттар болып тұрады. Сонда апат кезінде мұнай жерге төгіліп, жермен араласады. Ол біздің қоршаған ортаға зиянды. Сол үшін біз, мысалы, осы жұмыстарды Қазақстанға ұсынып отырмыз.
Экология тек мұнайда емес. Қазір ауыр өнеркәсіптің өзі «жасыл трансформациядан» өтіп жатыр. Мысалы, Өзбекстаннан келген мамандар автокомпоненттер өндірісіндегі жаңа тәсілдерді таныстырды. Бұл табиғи ресурстарды бірнеше есе үнемдеу арқылы жұмыс істейтін зауыт жобасы.
Амир Абидов, «Өзбекстан технологиялық металдар комбинаты» маманы:
Бұл жерде суды 8 есе аз қолдануға болады, үйреншікті өндірістерге қарағанда. Металдың 3 пайызы ғана қалдық ретінде қалады. Басқа әдістермен 50 пайыз қалдық қалады. Сондай-ақ, электр энергиясы 30 пайызға үнемделеді. Ауаға шығатын СО2 газының көлемі 2 есе төмен.
Мұнай мен өндірістік қалдықтар ғана емес, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу де Қазақстан үшін өзекті. Елдегі зауыттардың көбі оларды өңдегенімен, дайын өнім шығаруға жете бермейді. Ал Азамат Асылбеков 4 сатылы өндіріс жүйесін ұсынып отыр.
Азамат Асылбеков, Қалдықтарды өңдеу компаниясының негізін қалаушы:
Бутылканы одан ары қарай штапелді талшыққа дейін жеткіземіз. Біз бұл талшықтан ары қарай дайын өнім полиперлі тоқымалы емес геотекстильге айналдырамыз. Бұл көбінесе өзіңіз көріп отырған жол құрылысына пайдаланылады. Жолдың беріктігін, оның ұзақ жұмыс жасауына әсер етеді.
Яғни, қоқыс проблема емес, ресурсқа айналады. Дұрыс технология болса, бөтелке де жол салуға жарамды. Ал ескі ойыншықтардан жіп жасап, одан қапшық тігуге болады. Қазір тек батыс аймақты қамтып отырған Азамат барлық облыстан филиал ашуды жоспарлап отыр. Себебі батыс өңірдегі 4 облыстың өзінен жылына 6 мың тонна бөтелке жиналады екен.
Азамат Асылбеков, қалдықтарды өңдеу компаниясының негізін қалаушы:
Әрбір адамның бір айға санағанда 6 кг қалдық шығарады екен. Соның ішінде көпшілік бөлігі пластиктен жасалған қалдықтар. Жылына Қазақстанда 100 мың тонна пластикалық бөтелкелер лақтырылады екен. Біз соның 6 мың тоннасын өңдеуге осындай жоба жасап жатырмыз, яғни әлі әлеуеті үлкен.
Суды үнемдеу де өзекті. Сарапшылардың айтуынша, болашақта су мұнай сияқты таптырмас ресурсқа айналуы мүмкін. Әсіресе, Орталық Азияда су тапшылығы жылдан жылға артып келеді. Сондықтан өндірісте суды қайта пайдалану стратегиялық маңызға ие. Мысалы, «Теңізшевройл» мұнай компаниясы жылына 2 млн текше метр қолданылған суды тазалап, соның 1 млн 150 мың текше метрін қайта пайдаланып отыр.
Талғатбек Мұратбаев, «Теңізшевройл» ЖШС экологиялық супервайзері:
Біздің компания Теңіз кен орнында орналасқан. Былай айтқанда, су тапшы аймақ. Сол аймақта суды қайта қолдану өте маңызды. Қазіргі кезде біздің суды қайта пайдалану көрсеткіші Қазақстанда ірі көрсеткіштің бірі болып келеді. 49 пайызды құрайды.
Біз тек 3–4 жобаны көрсеттік. Жалпы көрменің ауқымы үлкен. 30 елден 120-дан астам компания жеке павильондарын құрса, 240-тан астам компания жобаларын алып келген. Олардың арасында ауаның құрамына мониторинг жасайтын, зауыттардан шығатын зиянды қалдықтың көлемін есептейтін құрылғылар, қаладағы көлік тұрағын автоматтандыратын жүйелер, электр қозғалтқышымен жүретін көліктер сынды ұсыныс көп.
Сәкен Қалқаманов, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:
Негізі 2 млрд долларға жуық контракттарға қол қойылды. Ол біздің Қазақстанның даму банкі, Самұрық-Қазына, Энергетика министрлігі, ірі кәсіпорындар, Карметкомбинат сияқты тағы да басқа компаниялар. Негізі мынау жақсы бір алаң. Осы бизнесті дамыту және жасыл бизнесті дамыту.
Яғни, бұл көрме тек идея алмасу емес, нақты келісімдер алаңы болды. Сондай-ақ, инновациялық жобалар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Жасыл стартаптар» байқауы ұйымдастырылды. Өйткені уақыт өткен сайын жасыл технологияларды қолдану таңдау емес, міндетке айналып келеді.

Бөлісу