Елімізде 46 экологиялық аумақ құрылады
Екі жыл бұрын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғалы бері 5,5 млн-ға жуық тал егілген. 2 млн тонна қоқыс шығарылған.
Кеше де ел бойынша сенбілік өтті. Президент те қатысты. Эковолонтерлермен әңгімелесті. Табиғат жанашырлары кәдімгідей қозғалысқа айналып келеді.
Табиғатты аялау – мәдениет, сана, ниеттің әрекетпен ұштасатын жері. Бір жағы табиғатты – қоршаған ортаны қорғау, келесі ұрпаққа «көзбен жер шұқымай» табыстау. Екінші жағынан әрбіріміздің, қоғамның өресі деген сұрақтың жауабы шығады.
Осы аптаның цитатасы «Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң» деп едік. Шын солай.
Ақнұр Тұрдәлиева, эковолонтер:
Экология қазір үлкен трендке айналды. Эковолонтер болу – үлкен мәртебе болып саналады қазіргі таңда.Иә, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл қоғамды біріктірген бастама. 6,5 миллиондай отандасымыз туған елді түлетуге үн қосқан. Енді жердің тоңы жібігеннен кейін жер-жерде көркейтіп-көгалдандыру жұмыстары басталды. Мемлекет басшысы да экобелсенділермен «Самал» саябағына ағаш отырғызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің озық, қауіпсіз, күшті әрі таза болғаны тек бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру.Ауқымды акция Астанада ғана емес, тұтас елде өтті. Отандастарымыз қала, аудан, ауылдарын күл-қоқыстан тазартып, көшет екті. Түркістан, Павлодар, Батыс пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдері мен экобелсенділері телекөпір арқылы елордамен байланысып, атқарылып жатқан жұмысты баяндады.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Міне, бүгін біз осы акцияларды бір жүйеге келтіру үшін осы акциялардың күнтізбесін жасап, әр сенбі-жексенбі болатын іс-шаралардың күнтізбесін жасап, биылғы жылы «Таза Қазақстан» аясында 440 іс-шара өткіземіз.Қазір экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сондықтан елдегі жылу электр станциялары «таза көмір» технологиясы негізінде жаңғыртылып жатыр. Бұған қоса, жасыл энергияның үлесін арттыру жоспары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қалаларымыз бен ауылдарымыз тазарып, топырақтың, судың, ауаның ластануы азая түсті. Ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды төмендету бағытында жұмыс атқарылып, үздік экологиялық тәжірибелер енгізілуде, қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісінде алға ілгерілеу бар. Алайда кемшіліктер де аз емес, алда жұмыс көп.Табиғатты қорғау тек тазалықпен шектелмейді. Жануарлардың жайы да назардан тыс қалмауы керек. Президент қоғамда қызу талқыға түскен бұралқы иттердің мәселесіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейін көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетеді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау керек. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын. Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғам арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сай, балалар мен ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда Парламенттің араласуы қажет.Тазалық тіні – тәрбиеде. Бұған балаларды мектеп жасынан баулу қажет. Президент Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырды. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып жүрген жастардың қатары қалың.
Құралай Аймұратқызы, эковолонтер:
«Таза Қазақстан» – бұл жай ғана акция емес, Ата заңымыз бойынша қабылданған экологиялық акция. Осы экологиялық акция аясында біз өзіміздің тұрғылықты жерімізде «Жасыл ел» экожобасын жүргіземіз. Бұл біздің жастарымыздың туған жерге деген тағзымының, туған жерінің таза болуына деген ізгі ниетінің бірі деп білеміз.Жалпы, соңғы бес жылда ауыл-аймақтарға 18,4 миллион түп ағаш егілген. Алдағы уақытта 46 экоаумақ құрылмақ.
Автор
Қозы-Көрпеш Жасаралұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі
26.04.2026, 23:30
Экологиялық саммитте 2 млрд долларға қандай келісімдер жасалды?
26.04.2026, 23:28
«Бизнес», «элит», «комфорт» класс атаулары заңда жоқ. Сонда қалай?
26.04.2026, 23:27
Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін бе?
26.04.2026, 23:15
Алматыда «SuperStar KZ» мегажобасына іріктеу өтіп жатыр
25.04.2026, 20:08
«Бату хан» тарихи-деректі романы таныстырылды
25.04.2026, 20:06
«Қазақстан» РТРК» ұжымы сенбілікке шықты
25.04.2026, 20:05
Қарағанды облысында 4500-ден аса ағаш егілді
25.04.2026, 20:05