Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін бе?
Трансшекаралық өзендерді пайдалану ережесі, климаттың өзгеруіне байланысты артқан қауіп, Каспийді сақтау, Аралдың бар бөлігін ұлғайту сияқты экологиялық, тура айтқанда өмірлік сұрақтар фундаменталды қарала бастағаны бір дүниелерден үміттеніп жүреміз ғой, сондай күйге түсіреді.
Қазақстан президенті 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында өңірлік экологиялық саммит өткізу бастамасын көтерген. Сол саммит осы аптада өтті. Апта басында мемлекеттік сапармен келген Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух жиынға қалды. Әрине, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары, сонымен бірге Кавказдағы үш мемлекеттен жоғары билік өкілдері мен БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары қатысты.
Алдымен президенттің байламдарына келейік.
1. Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының «шытынағанына» тоқталды. Қол жете бермейтін «жеңсік асқа» айналғанын ишаралады. Ұйым жарғысындағы қағидаттарды қарулы қақтығыс бастайтындардың ыңғайына бұратынына кезекті рет тоқталды. Ал халықаралық мәселелерді шешуге көпжақты институттардың абырой-беделі жетпей жатқанына өкінеді.
2. Осыдан шығатын мәселе – экология мәселесінде де «таңдаулылар» бар. Дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді.
Ал саммиттің басты цитатасы:
«Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң».
Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Бұл бағыттағы саясатты президент былай жіктеді:
– экологиялық таза энергия өндірісіне көшу;
– биоалуантүрлілікті қорғау;
– тозған жерлерді қалпына келтіру;
– су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру;
– су үнемдеу саясатын енгізу.
Қазір елімізде электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай 15 пайыздан асыруды жоспарлаппыз.
Ал алаңдайтын дүниенің бірі – Каспий теңізінің тағдыры.
Иә, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Дегенмен.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуы тиіс» деді. Каспийді бізден бөлек Әзербайжан, Түркіменстан және Ресей мен Иран қоршап жатқанын ойласақ, кімнің зымыран атқылап жатқанын ұғу қиын емес.
Біздің президент былтыр Ашхабадта жариялаған БҰҰ агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру ұсынысына тоқталды. Ал Астана саммиті аясында ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экологиялық саммиті аясында Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын да өткізген.
Мұхтар Шаханов жазғандай, «Бұл өлке қалайша болады азап түнегі»...
Иә, Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Алайда уайым азамай тұр.
Арал маңайында жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2–2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетті. Солтүстік Мұзды мұхиттан да табылды. Әсіресе Арал бассейнінде тұратын адамдардың денесінде не жоқ дейсіз, сонда...
Бұл мәселенің бір қыры.
Екінші проблема: Су тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп барады. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы суармалы жүйеге кетеді.
Иә, егін екпеу – халықты нәпақасынан айыру. Бірақ технологиялар қолданып, үнемдемесек, бейнелеп айтқанда шөлден өлеміз. Әму мен Сырдың басында отырған елдер судың ортақ байлық екенін мойындаулары да керек. Ал Қырғызстанның қордағы қызметі тоқтап тұр. Президент былай деді:
Бұл – Қырғыз мемлекетінің өз еркі. Қазақстан оған құрметпен қарайды... еліміз Қырғызстанның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қызметін ертелі-кеш жаңғыртады деп есептейді. Біз бұған тек қуанар едік. Тақырыпты Қозы Көрпеш Жасарал сараптайды.
Нариман Қыпшақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі:Құралай Яхияева, сарапшы:
Әмудария мен Сырдарияның суы шектеулі. Көбеймейді, азайып кетуі мүмкін. Жерің болмаса, суың болмаса, сен мемлекет болмайсың. Суда тәртіп болуы керек.
Әркім өзіне қарай өз көрпесін тартпай, барлығына да тиімді болатын жұмыс жасау керектігін Орталық Азия мемлекеттері мойындап отыр.Өңірлік саммиттің өзегі – Арал мәселесі. Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азия елдерін біріктіретін ең үлкен алаң. Десе де, су құлағында отырған Қырғызстанның қордағы қызметі тоқтап тұр.
Саясатта, өндірісте, экономикада дағдарыс ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Ал су саласындағы дағдарыстың салдары да, салмағы да бәрінен ауыр. Бұған адам қолымен жасалған Арал апатын айтсақ, жеткілікті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықаралық сарапшылардың бақылауынша, соңғы жылдары су мәселесінде аймақ елдері өз мүдделерін алға шығарып отыр. Яғни, халықаралық аспектілер, өзара ынтымақтастық, соның ішінде көршілес мемлекеттердің қажеттілігі ескерілмейді. Дәл осындай қиын жағдайда әр елдің суға қатысты стратегиясын ұштастыруға ұмтылып көру керек.Соның әуелгісі – су саласын цифрландыру. Президент Әмудария мен Сырдария бассейндеріне бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізуді ұсынды. Өйткені проблема ортақ. Қарапайым айтқанда: кімнің қанша су тұтынатыны көрініп тұруы керек. Әрі мұнда «әділ бөліс» деген емеурінді аңғару қиын емес.
Нариман Қыпшақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі:
Мемлекетаралық дау бар ғой, толып жатыр: шекара жөнінен, тағы басқа мәселелер жөнінен. Олардың бәрін шешуге болады. Менің ойымша, су дауына жол бермеу керек. Су дауы шешілмейді!Себебі су – стратегиялық ресурс. Әсіресе, Қырғызстанда! Олар қажетті электр энергияның көбін судан алады. Кешегі саммитте Садыр Жапаров су инфрақұрылымның әбден тозғанын айтып, көршілес елдерден жылдық бюджетінің 2 пайызын бөлуді ұсынды. Ал біздің тарап биыл трансшекаралық суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция әзірлеп, құжат жобасын жолдаған. Бірақ...
Ислам Тұрсынбек, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас сарапшысы:
Бұл жерде баланс табу қажет, себебі әр мемлекет өз ұстанымын ұстанып отыр. Қазіргі уақытта, білесіздер, кейбір елдер электр энергиясына мән береді, ал кейбір мемлекеттер су ресурстарына мән береді. Орта Азиядан конвенцияны қабылдайтын болсақ, ортақ тәсілдерді, ортақ ережелерді қоя алатын боламыз.Алайда алыс-берісте әр мемлекет мүдде мен мүмкіндігін алға тартатыны анық. Сондықтан конвенцияның біраз уақыт талқыланатын түрі бар. Ал Арал маңындағы 3 миллиондай адамның денсаулығы мен тұрмысы кешігуді кешірмейді. Себебі сол төңіректегі ауру-сырқаудың 40 пайызы экологиялық факторлармен байланысты.
Серікқали Мұқатаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының атқарушы директоры:
Климат өзгеруі Арал өңірінде өте тез өтіп жатыр, басқа жерлерге қарағанда. Жылына 2–3 градусқа көтеріліп жатыр.
Каролина Стар, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының маманы:
Бұл бес елге ортақ проблема. Сондықтан Сырдарияның жоғары ағысындағы Қырғызстан, Тәжікстан, төменгі ағысындағы Өзбекстан мен Қазақстан бірігіп әрекет етуі керек.Қайрат Жансұлтанұлы, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
Әрекеттің бірін Қазақстан 2021 жылы қолға алған-ды. Құрғаған теңіз табанына 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егілді. Қаржы ұйымдары там-тұмдап қолдау жасады. Өзбекстан аумағында 2 миллион гектардан астам орман алқабы қалыптасқан. Нәтижесінде бүгінге дейін өлі тыныштық орнаған аумақта тіршілік тұтанған.
Аралдың ұлтаны өте тұзды. Соған қарамастан, 25–30 пайыз шығымдылық бар. Тіршілік пайда болды. Дым жоқ жерде қоға, қамыстар өсіп, өсімдіктер жамылғысы өсіп жатыр.Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Енді Кіші Аралдың қазіргі көлеміне келсек. Соңғы үш жылда теңізге 6 млрд текше метр түскен. Нәтижесінде айдынның аумағы 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайды. Бірақ басты үміт – Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңінде.
Екінші кезең «Көкарал» дамбасының деңгейін біз тағы да 2 метрге көтерейін деп отырмыз. Сонда теңіздің жалпы алаңы көбейеді. Одан бөлек, Қызылорда облысында және Түркістан облысында Сырдария өзенінен су алатын ирригация каналдары қайтадан қалыпқа келтіреміз.«Арал тағдыры – адам тағдыры» деп аз айтылған жоқ. Судың сағасы мен жағасындағы елдер «бауырмыз, тарихымыз тамырлас, болашағымыз бірге» дегенді осы Арал трагедиясын еңсеруде дәлелдемесе, зардабы бұдан да ауыр. Болжам солай.
Осы саммитте 26 наурыз Аралмен бірге Сырдария мен Әмудария күні деп белгіленді. Сейхун мен Жейхуннің үнін жыраулар мектебі өлтірмес. Бірақ сүлейлер құм суырған сусыз аймақта аңырап қалмасын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы