Астананың туған күні - өткенге есеп беретін, болашаққа бағдар жасайтын кезең. Жыл сайын елорда тойы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының аяқ алысын бір бағамдап алып, атқарушы билікке бағыт-бағдар сілтейтін. Биыл да сөйтті.
Үкімет индустриялық-инновациялық бағдарламаның алғашқы бес жылында атқарылған шаруаны қорытты. Телекөпір кезінде аймақтарда жаңа өндірістік жобалардың тұсауы кесіліп, Үкімет елді индустриаландыру бағытында атқарылған жұмыс туралы Президентке есеп берді.
Ұлттық арна арқылы Елбасы ғана емес, мұқым ел байтақ даламызда іске асып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты. Қатарға қосылған жаңа өндірістер мен Үкіметке жүктелген жаңа міндеттер қандай?
Елімізде бес жылдың ішінде кешенді индустриаландыру бағдарламасы аясында 672-жоба жүзеге асты. Соның 300-і толық қуатына көшті. Яғни, бұл өндірістер Президентке о баста уәде етілгендей, бар екпінімен жұмыс істеп тұр.
70 жоба 25-30 пайызға ғана күш алды. Ал, 12 өндірістің болашағы бұлыңғыр. Индустрия министрі бұл жобаларды кәсіпкерлердің өздері аяғына дейін жеткізе алмайтынын мойындайды.
Әсет Исекешев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі:
Осыдан екі жыл бұрын мұндай өндірістердің саны 35 еді. Қазір проблемалы жобалардың саны қысқарып келеді. Жергілікті әкімдіктермен бірге жұмыс істеп жатырмыз.
Қиындықтар сыртқы сауданың бәсеңдеуінен туындаған. Қазір жаһандық деңгейдегі сұраныс баяу. Сондықтан, шетке шикізатты да, тауарды да саудалау оңай болмай тұр. Біздегі бүгінгі индустрияның әлеуеті үздік отыз елдің қатарына ілігуге қажет көрсеткіштерден анағұрлым алшақ.
Дегенмен, мемлекет ішкі резервтерін қосып, индустрия қарқынын бәсеңдетпей отыр. Үкімет үздіксіз сырттан қаражат тартуда. Осындай бірлескен жобалар мен жаңа өндірістердің сұлбасы арнайы көрмеге шығарылды. Инвесторлар өз жобаларын Президентке таныстыруға мүмкіндік алды.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
Үдемелі индустриялық бағдарламаның аясында 2010-2013 жылдар аралығында 3,7 триллион теңге қаражат жұмсалды. Және 2,4 триллион теңге жеке инвестиция тартылды.
Өзге елдер өнімді сатып алмайды, деп қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан, енді келер жылды қамтитын жаңа индустрия жоспарын дайындауға Үкімет барын салып жатыр. Өнімі тез саудаланатын өндірістерді құру керек.
Телекөпір кезінде ашылған жаңа жобалардың артында елдік мүдде, терең экономикалық есеп жатыр. Мысалы, Атыраудағы «Жігермұнайсервис» серіктестігі мұнай бұрғыларын өзімізде өндіретін болды. Мұндай бір қондырғы жер қыртысын 7 мың метр тереңдікке дейін тесе алады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақтың өз инженерлерін дайындау үлкен мақсат. Жаңа өндіріс. Біз 4-5 мың метрден қазатынбыз. Бұл - Қазақстанда болмаған жаңа технология. Сондықтан, бұл сендер үшін үлкен бақыт.
Алғашқы бесжылдықта жаңа өндірістермен бірге негізінен инфрақұрылым қалыптастырылды. Ендігі индустриялық бесжылдықта Қазақстан өңдеу өнеркәсібін дамытуға бар күшін салады. Соның ішінде шешуші энергетикалық сала - мұнай өңдеу көлемі 17 миллион тоннаға артады.
Ал, газ өңдеу көлемі 35 миллиард текше метрге жетеді. Сондай-ақ, келер жылдан бастап елімізде өңірлерді жаппай газдандыру шаралары басталады. Бұл мақсатта Мұнай және газ министрлігі бас жоба дайындап жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келер жылдан бастап 1600 елді мекенді көгілдір отынға қосамыз. Сол кезде біз 12 миллион халықты газбен қамтитын боламыз. Бұл - ел үшін өте маңызды міндет.
Енді Ақмола облысының Ерейментау ауданында жаңа жел электр станциясы бар. Шағын станция әзірге 45 МВТ қуат өндіреді. Бірақ өндіріс қожайындарының арық сөйлеп, семіз шықпақ жоспары бар. Бұл маңда әлі 300 МВТ баламалы энергия өндіруге болады. Сол кезде ауданда шамамен 80 мың үй желдің қуатына жүгінеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ерейментауда жел соғып тұрғанын микрофоннан байқап тұрмын. 45 МВТ деген қазіргі Петропавл, Көкшетаудағы электр станциялармен бірдей. Құтты болсын!
Әзірге елімізде қуат көзін үнемдеуге ұмтылып отырған кәсіпорын некен-саяқ. Есесіне энергияның 20 пайызы текке шығындалып жатыр. Бұл шамамен бірнеше қуатты электр станцияның еңбегі зая кетіп жатыр деген сөз.
Жаңа индустрияландыруда жеңіл және тамақ өнеркәсібінің орны ерекше. Елімізде ішкі нарықты азық-түлікпен қамтудың, сырттан келетін импортты азайтудың маңызын Президент жуырда ғана көтерген еді.
Бүгін осы салада да бірқатар жаңа өндірістің тұсауы кесілді. Президент өсімдік майын, сүт өнімдерін шағаратын өндіріс қожайындарын өнімді молайта түсуге шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз тамақтың 30 пайызын сырттан әкеліп отырмыз. Ол - өте қауіпті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Қазақстанның Құрметті металлургі атағының нөмірі бірінші белгісі тапсырылды. Телекөпір барысында 21 жобаның тұсауы кесілді. Өткен бес жылдық жоспар қорытындыланды.
Бірақ жаңа өндірістердің санының көптігінен индустрия жоспары сапалы орындалып жатыр деген қорытынды жасай алмаймыз. Президенттің үлкен бағдарламаның бір қанаты - инновацияны кіріктіру жолында атқарылған іске көңілі толмайды. Ал, жоспарға енген кейбір жобалардың индустрияландыруға мүлдем қатысы жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз инновацияға, жаңа технологияға негізделген өте сәтті индустриалды жобалардың тобын қалыптастыра алмадық. Мұндай жобалар индустриалды революцияға өтудегі негізгі алаң бола алар еді. Олар кейбір салалардың өзегіне айналып, өзге өндірістерді топтастыра алар еді.
Биліктің Ұлттық қордан отандық экономиканы қолдау үшін 1 триллион теңге бөлгені белгілі. Сол қаражат халықаралық қаржы институттарымен бірлесе отырып игеріледі. Билік күзден бері Дүниежүзілік банк, Азия Даму Банкі, Ислам банкі және Еуропадағы қайта құру және даму банкімен сәтті келіссөздер жүргізді.
Ұлттық қордағы бір триллион теңге халықаралық қаржы институттарының көмегін қосқанда 2,5 триллион теңге жетті. Енді осы қомақты қаражат отандық экономиканың қауқарын арттыруға жұмсалады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдің алдында тұрған үлкен мақсат – дүниежүзіндегі алмағайып жағдайда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялды Қазақстан жасау. Сол кезде елдің келбеті өзгереді, жаңа кадрлар дайындалады. Экономика жаңарады. Біз шынымен де сол кезде 30 дамыған елдің қатарына енеміз. Мақсатымыз сол. Еңбектенейік, халыққа қызмет етейік.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС