Елорда - елдің жүрегі! Сол елдің жүрек қағысын бір жылда бір рет кешенді түрде тексеріп қою Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтына айналған. Биыл он алтыншы жыл. Бұған дейін ортақ қазынадан алушы болып келген қала енді беруші, яғни пайдалы шаһарға айналмақ.
Мұны есептік көрсеткіштер де дәлелдеп отыр. Мысалы, өнеркәсіп өнімінің көлемі 7 пайызға өсіп, 260 миллиард теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнестің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті.
Келген туристер саны 1 миллионнан асқан, оның 100 мыңы шетел азаматтары. Келесі жылдан бастап қала ел бюджетінің донорына айналады, деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Естеріңізге сала кетелік, осы осы аптада Астананы одан әрі дамыту деген ұранмен үлкен жиын өткен еді.
Кеңесте Елордадағы кемел істермен қатар, кем-кетік түгел қамтылды. Мысалы, Бас прокуратураның мәліметі бойынша, қалада жалпы көлемі 15 мың гектардан асатын 800 учаске игерілмей жатыр. Ал, былтыр қала бюджетінен әкімдікке бағынатын мекемелерге 85 миллиард теңге бөлінді.
Бұл – елорда бюджетінің төрттен бірі. Сөйте тұра, аталған ұйымдардың 32-сі шығынға батып, 8-і банкрот жағдайына жеткен. Бұл да да бір кем дүние. Қалада үш жылда 330 шақырым жол жөнделген. Бірақ тағы тозып барады.
Бұл аймақ қоқыс төгетін полигон емес. Жол бойындағы жайқалған жер бір қыстың ішіндеқоқыс үйінділерінің астында қалды. Ең қызығы, жолдың жиегі бас шаһарды жағалай көмкерген жасыл белдеуден алыс емес.
Мемлекет басшысы ерекше қамқорлыққа алған жайқалған желектерден аса бере иісі қолқаңды қабатын үйінділерді көріп еңсең түседі. Орталыққа қатынайтын көп жолаушының күнде көретін сұрқай суреттері бұл.
Елбасы өзі көрсетіп отырған мына суреттер бас шаһардың орталығында түсірілген.
Сулы-желекті бульвар - Астанадағы мақтаулы орындардың бірі. Сол тұста оңаша жатқан бір алаң күл-қоқыстан бозарып барады. Ал, шаһар билігі бадырайтып көрсетпесе, байқар емес.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жер телімдерін қоқыс төгетін жерге айналдырып жіберген. Басқа емес, халық көп жүретін Сулы-желекті бульвардың өзі сондай кейіпке енген.
Ал, базар маңына бара қалсаңыз, басыңыз ауырып, шаңға тұншығасыз. Шаһардың «Шанхай» секілді көк базарында, тіпті көп базарында не тәртіп, не тазалық жоқ. Базар қожайындары салық төлеуге құлықсыз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Базарлар - ең алдымен салықтан жалтарады. «Еуразия» базары 1 миллиард теңге салықты өтемеген. Ал, «Шанхай» базарында санитарлық талаптар сақталмайды. Тәуелсіздік көшесінің бойындағы сауда орындарынан да тазалықты талап ету керек. Мұндайға жол беруге болмайды.
Астананың орталығы ғана тап-таза, теп-тегіс. Зәулім ғимараттар. Қаланың сол жағалауында ғана тынысың кеңейеді, көлігің де көп кідірмейді. Өйткені, жол тегіс, жайлы.
Ал, шаһардан шеткері шықсаң, жолдың сиқын көріп, құтың қашады. Бас қаланың қатардағы тұрғындары түсінбейтін бір құпия бар. Шаһарда жол жиі жөнделеді. Бірақ, сырт көзге теп-тегіс көрінген, тәп-тәуір жолдың өзі жаз шықса қопарылып, қайта төселіп жатады.
Ал, кейбір көшелерге ондаған жылдан бері бірде бір жөндеу техникасы кірмеген. Сөйтсек, біз түсінбейтін, мамандар өздері ғана ұғатын көп құпия бар секілді.
Баппен екі жыл салынса да, жол сапасыз. Күмән туғызатын дерек - құрылысқа тартылатын санаулы компанияның тізімі жылда өзгермейді. Бұл - жол салу ісінде бәсеке жоқ деген сөз. Болмаса, мемлекеттен қаражат қармаудың жолы болар? Көптің тілін қышытқан осы сауалды Президент өзі қойды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«АС-Астана», «Казгерстрой», «Прогресс.kz». Осыдан сұрақ туындайды: Егер бұл компаниялар жолды нашар салса, неге жыл сайын бұл жұмыс тек соларға ұсынылады? Қанат Таңатарұлы, бұл сенің жақсы көретін компанияларың ба?
Астанаға бөлінетін қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатысты да көңілде күмән бар. Өткен жылы әкімдік мекемелі ұйымдарға 85 миллиард теңге бөлген. Бұл - қала бюджетінің төрттен бірін құрайтын қомақты сома.
Бірақ қаражат табыс таба алмай отырған, тіпті банкроттықтың аз алдында тұрған серіктестік, болмаса акционерлік қоғамдарға берілген. Ол аздай, үлес алған мекемелер мемлекет қаражатын банктерге өсімге салып қойған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ондай ұйымдарға неге мемлекет қаражатын бересіңдер. Өткен жылы олар банктерде осы қаражаттың 16 миллиард теңгесін сақтаған. Яғни, банктермен бірлесіп, ақша айналдырып, табыс тапқан. Бұл табыстың қайда кеткенін де тексеру керек. Жыл сайын айтамын, бірақ шығыстар оңтайландырылмай отыр.
Анығында Астананың экономикалық даму көрсеткіші тәуір. Өндірілген өнім көлемі өткен жылы 1 триллион 200 миллиард теңгеге жеткен. Тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандардың салыну қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бас шаһар қай жағынан да аймақтардың арасында көш бастап тұр.
Ал, келер жылы республикалық бюджеттің негізін құрайтын донор аймақтардың қатарына қосылады. Демек, Астана енді бюджетке масыл болмайтын, өзі-өзі асырай алатын әлеуетті қала деңгейіне көтерілді. Мұның өзі әкімдіктің кейбір істі қалтарыста қалдырғанмен, көп іске үлгеріп жүргенін айғақтайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз еш уақытта бұл тындырғанымызбен тоқтап қалмаймыз. Қаланы одан әрі өркендетіп, өсіруіміз керек. Дүниенің ең көрікті қалаларының біріне айналдыруымыз керек.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
Қазір қаладағы құрылыс бас жоспар аясында, негізгі бес бағыт бойынша жүріп жатыр. Бұл - «Мыңжылдық аллеясы», Орынбор көшесіндегі құрылыс ауданы, Тұран даңғылы бойынша құрылыс, сіз бастамашы болған EXPO-2017 аясында жүзеге асырылатын «Жасыл квартал», «Хан шатыры» сауда орнының батыс бағыты - Талдыкөл ауданындағы құрылыс нысандары. Қалада жаңа аудандардың құрылысымен бірге апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзу бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй қорларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы үш жылда қала билігіне артылатын жүк әсте жеңілдемейді. Сын да көбейгелі тұр. Өйткені, EXPO көрмесіне қызу дайындық басталды. Осы аптада Мемлекет басшысы EXPO кешенінің алғашқы капсуласын салды. Бұл тарихи сәт Астана дамуының тағы бір жаңа дәуірі басталғанын айшақтайды.
Мамыр айының 24-і отандық EXPO көрмесінің тарихында кешенді құрылыстың басталған күні ретінде қалды. Ендігі үзіліссіз үш жыл құрылысшылардың, ғалымдардың еңбек майданына айналады.
Жұмыс жеңіл емес. Өткені, құрылыстың дені «ақылды» нысандар. Қуат көзін күннен, желден алатын пішіні әрқилы, өте күрделі ғимараттарды салу тәжірибесі бізде бұрын-соңды болып көрмеген.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі құрылыс - үлкен шаруаның басы. 2014, 2015, 2016 жылдары үлкен құрылыстар басталады.
2016 жылдың желтоқсан айында мына ат шаптырым алаңда көз тартар талай нысан тұруы керек. Барлық құрылыс сол кезде тапсырылады. Тұрғын үйлер, қонақүйлер, жаңа конгресс хол, сауда, ойын-сауық орындары ғимараттардың саны мен орналасу жайы немістің «Альберт Шпир» компаниясымен бірлесе ойластырылған.
Жоспарды мақұлдаған Президенттің өзі. Ал, ең негізгі құрылыс Қазақстанның ұлттық павильоны болмақ. Төбесі күмбез секілді керілетін нысанды 2017 жылы ең кемі 2 миллион турист тамашалап, таңдай қағып кетуі керек.
Ендеше ендігі іс алдымен жерді тегістеп, инфрақұрылым тартудан басталады. Нысандардың қазығы қағылып, қабырғасы соғылады. Астанадағы бас құрылысты билік бақылауға алмақ. Сондықтан, бас қалада жиындар әлі де көп өтеді.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС