Үкімет экономиканы дамытудың 10 бағытын анықтады
Дәл осы ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізі қозғаушы күшінің бірі екенін айттық. Бұдан бөлек, тағы бір үлкен іс - индустриялық-инновациялық бағыт. Яғни, индустрия дегеніңіз - тұрмыста қолданатын ұсақ-түйек техникадан бастап заманауи қондырғыларға дейін өзімізде жасау.
Ал, инновация дегеніміз - ғылыми дәлелденген, адамзатқа пайдасы бар жаңалық. Енді индустрия мен инновацияның қосақталуын түсінген боларсыз.
Бұл екі бағыт біздің Үкімет үнемі назарында ұстауы тиіс бағыттар. Президент Нұрұлтан Назарбаевтың тапсырмасы солай.
Жақында жасақталған Үкімет жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшті. Мақсат - ел дамуының екпінін еселеу үшін уақыт үнемдеп, ұтымды жұмыс істеу. Оның үстіне атқарушы билік соңғы кездері Үкімет үйінде өтетін түрлі жиындарға қалам ұстаған қауымды шақыруды қойды. Сөйтсек, оның өзіндік себебі бар екен.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Үкімет қазір өте шұғыл әрі ширақ жұмыс істеуге кірісті. Ал атқарылған іс туралы осы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтылады. Бірақ бұл Үкіметтің жиналысына журналистерді шақырмаймыз деген сөз емес. Сіздерді міндетті түрде шақырамыз. Тек қазір біздің алдымызда аз уақыттың ішінде атқарылуы тиіс өте үлкен міндеттер тұр.
Сөзден іске көшкен Үкімет экономиканы дамытудың нақты 10 бағытын анықтады. Алғашқысы - макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Екіншісі, экономиканың нақты секторына қолдау көрсету. Одан кейін шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту.
Елдің транзиттік әлеуетін арттыру. Қаржы жүйесін дамыту, «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыру, ивестициялардың жаңа толқынын тарту әрі тарифтік саясатқа тың тәсілдер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ең соңғы қадам көлеңкелі экономикадағы қаржының көлемін азайту. Енді солардың біразына нақтырақ тоқталсақ.
Шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекет Ұлттық қордан 100 миллиард теңге бөлді. Қомақты қаржы «Даму» қоры» арқылы екінші деңгейлі банктерге түсті. Енді кәсіпкерлер ол қаржыны банктерден 6 пайыздық өсіммен несие ретінде ала алады. Несие негізінен өңдеуші өнеркәсіп жобаларын іске асыратын шағын және орта бизнес өкілдеріне үлестіріледі.
Алмас Жұмағұлов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымының кеңесшісі:
Тәуелсіз кәсіпкерлік тарихында болмаған жағдай болып отыр. Елімізде бірінші рет ұзақ мерзімге аз пайыздық несие берілді. Бұл - мемлекетіміздің кәсіпкерлерге берген мол мүмкіншілігі.
Қазақстанға жыл сайын 300 комбаин арзан бағамен жеткізіледі. Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының шешімімен алыс шетелден техника әкелуге осындай квота бөлінген. Бұл астық экспортының көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Биыл еліміз 9,5 миллион тонна астық шығаруды жоспарлап отыр. Соңғы 5 жылда Қазақстан әлемдегі бидай экспорттаушы ірі 7 елдің қатарына кірді. Кедендік одақтың құрылуымен Ресей де Қазақстан астығына қызығушылық таныта бастаған.
Нұрбек Дайырбеков, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарушы директоры:
Экспорт әлеуетін арттыру үшін Түркіменстан мен Иран шекарасында терминал салу жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ, біздің корпорация Қытай бағытындағы астық тасымалын дамыту мақсатында Қытай-Қазақстан шекарасында да терминал салатын болады.
Транзиттік сала. Көлiк және коммуникациялар министрлiгi өзіне қарасты саланы дамытудың арнайы бағдарламасын бекітті. Құжат тасымалды ұлғайтып, инвестиция тартуға бағытталған 70-ке жуық iс-шараны қамтиды.
Ауқымды шаралардың арасында «Қорғас-Шығыс жолдары» еркін экономикалық аймағында порт салу көзделген. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлiзінің бойында ірі логистикалық кешендер бой көтереді деп жоспарланған.
Әсет Асаубаев, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы:
Сондай болжам бар. Оны қазір тексеріп жатыр. Соынмен қатар, ол вагондарды Атырауға апарып, тиісті вагондардың бөлшектерін тексеріп жатыр, тиісті сынақтан өткізіп жатыр. Ол қосымша міндетті түрде хабарланады.
Жалпы, экономиканы тұрақты дамыту үшін биыл Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінді. Оның 500 миллиард теңгесі экономиканың өсуін ынталандыруға, 250 миллиарды банк секторын сауықтыруға, 150 миллиард теңге индустриалық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады.
Ал Үкімет бұл қаржының игерілуін қадағалаумен қатар, он бағыттағы жоспардың уақтылы іске асуын қатаң бақылуда ұстайды.
Айбек ҚОБДАБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Елімізде 46 экологиялық аумақ құрылады
26.04.2026, 23:32
Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі
26.04.2026, 23:30
Экологиялық саммитте 2 млрд долларға қандай келісімдер жасалды?
26.04.2026, 23:28
«Бизнес», «элит», «комфорт» класс атаулары заңда жоқ. Сонда қалай?
26.04.2026, 23:27
Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін бе?
26.04.2026, 23:15
Алматыда «SuperStar KZ» мегажобасына іріктеу өтіп жатыр
25.04.2026, 20:08
«Бату хан» тарихи-деректі романы таныстырылды
25.04.2026, 20:06
«Қазақстан» РТРК» ұжымы сенбілікке шықты
25.04.2026, 20:05