Кәсіпкерліктің көзі, байлықтың өзі - бағып қақсаң, қорадағы малыңда ғой шіркін. Мыңғыртып айдаған Алпамыстың әкесі Байбөрідей болмаса да, әр ауыл отарлы қой мен табынды сиыр айдап, үйірлі жылқы бағып еді бұрын. Сол жұнттай семіз төрт түлігі бырдай болып жайылып жататын қазақтың жерінде соңғы жылдары ет өндірісі аса дамымағаны шындық.
Етті экспортқа шығара алмай кәсіпкерлеріміз біраз күйіп- пісіп еді, еңселері түсіп еді. Осы күні кедендік кедергілер қысқарып, епті кәсіпкерлерге жол ашылды.
Қазір қазақтың қазысы десе, көрші орыстың сілекейі шұбыратын болыпты. Былтырдан бері колбасадан гөрі қазы-қартаға, торай етінен гөрі халал етке қызығады, дейді. Қалай қуанбассыз?!
Көршіден көрші естиді, күндердің күнінде қазыға өзге елдерден де «құда түсушілер» көбейер. Етімізді тонналап экспорттармыз бұйырса. Ақмола облысында Сабынды деген ауыл бар, барлығы бір кәсіпті меңгерген қауым бар. Дәл сол аядай ауыл бір Мәскеудің өзіне тонналап ет сатып жүр дегенге сенбессіз.
Мен дәл қазір операция бөлмесіне кірейін деп тұрған жоқпын. Хирург та емеспін. Қасапшы да емеспін. Бірақ, ет комбинатына кіру үшін мына киімді киюге міндеттімін. Алдымен тазалық, екіншіден қауіпсіздік үшін.
Немістің қымбат құрылғылары сарт-сұрт шұжық шығарып жатыр. Күш жұмсап, шаршамайсыз. Тек шұжықтың тысын кигізіп отырсаңыз, болды. Өзі бөлшектейді. Таусылған етті өзі-ақ салып береді. Жылқы, сиыр және қой етінен жасалған шұжықтар мына бөлмеде сақталады. -2 градуста.
Нұрсұлтан Дуанбеков, дайын өнімдерді сақтау бөлімінің меңгерушісі:
Мынау өзі дайын өнімдер қоймасы. Пісірілген дайын шұжықтар бізге тапсырылады. Оларды мысалы мынадай вакуумды қаптамаға орап сақтаймыз. Мынау қазы, мынау жылқының жаясы. Міне, мынау газдалған қаптамада - шұжықтар.
Самсаған шұжық. Қырыққа жуық түрі тұр. Осы жерде мұрты бұзылмастан сақталады. Тапсырыстың көлеміне орай, бірер сағатта өзге облыстарға аттанады.
«Үнемі қазының қасында жүресіздер. Осы қазыдан шығатын кездеріңіз бола ма?», деп сұрадым комбинат жұмысшыларынан.
Жайнагүл Әбдірахманова, қазы жасаушы маман:
Қазақтың ұлттық тағамы болғаннан кейін, қалай шығамыз. Бұл ата-бабамыздан қалған өзіміздің тағам. Кәдімгі өзіміздің жергілікті жылқылардың қазысы.
Жайнагүл Әбдірахманова - осы Сабынды ауылының тұрғыны. Ет комбинаты ашылғалы бері осында. Ресей асатын қазыларды осы кісілер қолдан түйеді. Айналдырған екі адам осынша қазыны қалай экспортқа шығарды деп таң болдық.
Жайнагүл Әбдірахманова, қазы жасаушы маман:
Ресейге жібердік қазымызды. Қалай өтеді екен көрейік деп аздап жібергенбіз. Жоқ, сұраныс жақсы екен. Қойымыз да, жылқымыз да, сиырымыз да өтіп жатыр.
Былтырғы жыл ет комбинаты үшін табысты болды. 1197 тонна халал ет, 359 тонна шұжық, 203 тонна жартылай фабрикаттар шығарған. Берісі Астана, арысы Алматы, сонау Ақтау мен мынау Өскеменге дейін ет өнімдерін өткізген, Демек, отандық етке сұраныс жақсы.
Мен дәл қазір кіретін цехтың жұмысы ерекше. Бұл жерде жаңа сойылған мал еті жіліктеліп, сүйегінен және майынан ажыратылады. Ал ажырататындар 15 адам. Барлығы да жергілікті тұрғындар.
Бұл цехта жұмыс істеу үшін екі қасиет керек. Етті тани білгеніңіз жөн, әрі пышағыңыз өткір болуы тиіс. Малдың қыр-сырына қанық Дархан Шарипов әлбетте, бұл қасиеттерге ие.
Дархан Шарипов, етті ажыратушы маман:
Мысалы, мынадан кесет ет шығады. Ең қымбат нәрсе мейрамханаларда. Мейрамханаларда антрекот, стейк, ревай дегендер жасалады ғой. Соған мынау таптырмайды.
Комбинатта іргедегі Сабынды ауылынан Дархан секілді жүзге жуық маман келіп істейді. Осыдан 4-5 жыл бұрын ауылдың ажары қашып, жұрт жұмыссыз сенделгенде осы индустриалды жобаның жәрдемі тиді. Енді шетке мал экспорттап жүр.
Дархан Шарипов, етті ажыратушы маман:
Мынау қара малдың еті. Қара мал, қой, жылқы. Таяуда бір ай бұрын Ресеймен келісімшартқа отырып, 800 қой жібердік. Бірінші 200-дей жібергенбіз. Қазір 800 қой жібердік. Енді бұйырса тағы жібереміз деп отырмыз.
Сойылатын малдар қоңдысы мен күйлісіне қарай облыстардан және маңайдағы елді мекендерден әкелінеді. Ал, сою әдісі «бісмілләсі» айтылып, халал стандарт бойынша сойылады. Қасапшыларға да тыным жоқ.
Сәрсен Ивалиев, ветеринарлық дәрігер:
Бұл жерде күніне қырықтай ірі қара соямыз сұранысқа байланысты. Жаңа сауда орталықтарынан сұраныс келеді. Мал денсаулығы бойынша ветеринарлық анықтамамен алынады. Ауру малдар қабылданбайды.
Енді негізгі экспорт мәселесіне келейік. Кедендік кедергілер жойылғалы қазір комбинат қазақтың ет өндірісін дамытуға күш салып жүр.
Түсіпбек Бопин, ет комбинаты директорының орынбасары:
Экспортқа былтыр ең бірінші қой еті көп шықты. Және жылқы етінің өнімдері. Қазы, жая, шұжық. Жалпы, 16 тонна өнім шығарылды. Биыл 200 тонна шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.
Мәселен, талғампаз мәскеуліктер қазы, сүр ет тәрізді ұлттық тағам брендтерінің келісін 2 жарым мың теңгеден сатып алыпты. Бұл сауда саясатының қай қырынан қарасақ та тиімді. Әрі комбинат жұмысшылары үшін зор мақтаныш.
Нұрсұлтан Дуанбеков, дайын өнімдерді сақтау бөлімінің басшысы:
Мәскеу ең бірінші қабылдағанда Мәскеудің газеттеріне де шығып, соны оқып, тамашалап, біздің еңсеміз бір көтеріліп қалған. Әрине қуаныштымыз, біздің мемлекетімізден, өзіміздің ауылдан шыққан өнім.
Жайнагүл Әбдірахманова, қазы жасаушы маман:
Ол бізге мақтаныш қой. Қазақтың тағамын Ресей сұрап жатыр деген үлкен мақтаныш. Өзіміздің өнімімізді шығарып жатсақ, қалай мақтанбасқа.
Мақтанайық, тоқмейілсуге де болмас алайда. Өйткені, Президенттің ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу керек деген тапсырмасы бар. Алақандай Сабынды ауылы бұл белесті бағындыруға атсалыса бермек.
Мейіржан ӘЛІБЕК