Гаагада ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит өтті
«Манхэттен жобасы». Атақты физик Альберт Эйнштейннің Франклин Рузвельтке хат жазып, «неміс фашистері уранды байытып, атом қаруын жасап жатыр» деген ескертуінен кейін 1939 жылы АҚШ билігі қолға алған жоба еді бұл.
Соңынан Теннеси штатында уранды байытатын зауыт салынды. Нью-Мексика штатының шөлді тақырында ядролық орталық тұрғызылды. Сол жерде Нобель сыйлығының 12 лауреаты күні-түні көз майларын тауысып, атом аждаһасына жан бітірді.
Осылайша, 1945 жылы Аламогордода алғашқы сынақ жасалыпты. Алып саңырауқұлаққа ұқсайтын радиоактивті әппақ сәуле кіршіксіз көк аспанды торлап, ұзақ тұрып барып сейілген. Сөйтіп, атом дәуірі басталды. Көктен бомба тасталды.
Сол жылы тамызда Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалалары жермен-жексен болды. Әрқайсысының қуаттылығы 20 килотонна болатын 2 атом бомбасы жерден 600 метр биікте жарылса да, мыңдаған жанды жалмап кетті. Хиросимада 140 мың, Нагасакиде 75 мыңға жуық адам бір сәтте қаза болды.
АҚШ-тың жапондарға бомба тастағанын көріп, КСРО да жанталаса бастады. 1949 жыл. Біздің Семей. Кеңес одағы қазақтың қайран жерінде, Абайдың елінде қырық жылда 500-ге жуық ядролық сынақ өткізді. Дегенмен, бүкіл адамзатқа тажалдай төнген атомнан азат қазақ алғашқы болып бас тартты, сонысымен әлем алдында беделі биік, жүзі жарқын.
Осы аптада Голландияның Гаага қаласында ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит өтті. Азуларын айға білеген жуан елдердің жетекшілері қатысқан зор жиын болды. Саммитке біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы барды.
Әдетте, халықаралық саммиттерде мемлекет басшыларына көрсетілетін құрмет теңдей. Бірақ, АҚШ бұл топта бөлек. Обама өзі қалаған көлікпен жүріп-тұрады, ұшақтан түсе сала табаны жерге тиместен таяқ тастам жерге тікұшақпен қатынайды, ерекше үй-жайға өзгеден оқшау жайғасады.
Касра Неджи, BBC-дің халықаралық сарапшысы:
АҚШ-тан келген делегация өте көп. Қаптаған оққағарлар. Обаманың қауіпсіздік қызметі әлемдегі ең мықты мамандардан тұратыны жасырын емес.
Өзгеше талап - сақтықтан. Ал, сақтықтың түбінде сенімсіздік жатыр. Алыптар алдымен бірінен-бірі секем алады. Көшбасшылар жолыққанда жымия қол алысып, сыр білдірмейді, мүдде қайшы келгенде жүздері мүлде басқаша. Сарапшылар әлем әлі «қырғи-қабақ соғыстың» елесінен айыққан жоқ, дейді.
Украинадағы кикілжіңнің себебі тек ұлтаралық дүрдараздық қана емес, гегемонияға ұмтылған алпауыттардың алыстан арбасуы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен үнемі көпполярлылық туралы айтамын. Кеңес одағы құлағаннан кейiн барлығы тек бiр ғана алып мемлекет - АҚШ қалды деп есептедi және әлем бiрполярлы болып кеттi. Соңғы оқиғалар көрсетiп отырғандай, әлем көпполярлы болады. G-8 мен G-20 экономикалық дағдарыстың да, саяси дағдарыстың да шешiмiн таба алмады. Сондықтан, 190 ел интерактивтi режимде қосылып отырған менiң G-Global ұсынысым өзектi болып барады.
Әлем «жаһандық қауіпсіздік дағдарысын» бастан кешіп жатыр. Гаагада Нұрсұлтан Назарбаев - елу президенттің ортасында отырып осылай деді. Өйткені, қосарлы стандарттар бар, тіпті халықаралық құқықтық нормалардың өзі жиі бұрмаланады.
Сөйтіп, қауіпсіздік дағдарысы сенім дағдарысына ұласты. Сенім жоқ жерде халықаралық келіссөздер сиырқұйымшақтанып кете барады. Ешкім ешкімге сенбейді, ешкім ешнәрсеге кепілдік бермейді.
Пан Ги Мун, БҰҰ-ның Бас хатшысы:
Ядролық қауіпсіздік, ядролық террор қаупі шешімі табылмай жатқан мәселе күйінде қалып отыр. Бұл салада кепілдіктер әлсіз, Украинада болған жағдай сол кепілдікке деген сенімнің күлін көкке ұшырды.
Барлаушылар айтады: террорлық ұйымдардың қолында ядролық қару жасайтын материал жеткілікті. База да бар болуы ықтимал. Мамандар ғана тапшы сияқты. Ал, мұндай сценарийден АҚШ-тан бастап әлемнің талай алыптары шошиды.
Өйткені, нысанаға айналуы мүмкін. Қауіп ортақ болғаннан кейін, 2010 жылдан бастап ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит өтіп келеді. Биыл әлем көшбасшылары үшінші рет Гаагада жиналды. Нидерланды - Еуропаның қауіпсіздік қақпасы саналатын жер.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір лаңкестік, экстремизм дүниежүзінде өршіп тұрғанда, жаппай қырып-жою қару-жарақтары сол топтардың қолына түсетін болса, ол үлкен қайғы-қасірет әкеледі.
Кімде қанша уран бар? Ол материал қаншалықты уытты? Атом станциялары лайықты қорғауда ма? Жаһандық саммит осы процестердің барлығын бақылауға алғысы келеді.
Елдердің уранды жоғары дәрежеде байытуына тоқтау салмақ ниеті бар. Бұл топта Қазақстан мәртебелі мемлекет. Мәртебелі болатыны лайықты ерлік ісі бар. Жаппай қырып-жоятын қарудан еркімен бас тартты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Семей полигонын жаптық. Ядролық қару-жарақтан құтылып, Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет деп атанды. Сол арқылы дүниежүзінің алдында абыройымыз көтеріліп, Қазақстанға инвестиция келді, Қазақстанға сенім бар. Сондықтан, біз осы саммиттің белді қатынасушысы болып саналамыз.
Ғылымда «Рапацкийдің жоспары» аталатын бағыт бар. Оның астарында Еуропаның орталығында ядролық қарудан азат аймақ құру мүддесі жатыр. Сондай бейбітшілік аралдарының бірін Қазақстан бүтіндей Орталық Азияда қалыптастыруға мұрындық болды.
Бірақ қалған елдердің осы мүдде жолында бірігуі өте баяу жүріп жатыр. Жер-жаһан қауіпсіздік саласындағы ең негізгі құжат - Ядролық материалдарды қорғау туралы Конвенцияны ратификациялаудан қашады. Алыптар қарудан бас тартқысы келетін елдерге әлі күнге дейін лайықты кепілдік ұсына алмай отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарт бұзылып жатыр. Ал, оны бұзған елдерге қатысты санкция жарияланып жатқан жоқ. Үндістан мен Пәкістан халықаралық шарттарды аттап өтіп, ядролық елге айналды. Сондықтан, қатаң мәжбүрлеу шаралары болуы керек.
Қазақстан келешекте МАГАТЭ-нің уран қоймасына айналады. Бұл ұйыммен елімізде халықаралық отын банкін орналастыру жөніндегі келіссөздер жалғасуда. Бұдан бөлек елде жаңа атом станциясы да салынады.
Ал, құрылысқа қаражат, технология, тәжірибе қажет болады. Қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұрғанда жаңа станция салуға әлемде әртүрлі көзқарас бар. Сондықтан, Президент «террорға қарсы науқан мемлекеттердің бейбіт ядролық бағдарламаларына, технологиялар мен жабдықтар, білім мен тәжірибе алмасуға деген құқығын шектеуге тиіс емес», деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кезінде ядролық электр станциясы болған Ақтауда. Оның пайдаланған заттарының барлығы қолданылатын болғаннан кейін, оны қарау керек. Екіншіден біз уран рудасын шығарып, дүниежүзіне сататын мемлекетпіз. Біз ядролық станцияларға тиісті таблеткалар шығаратын болғаннан кейін бізге деген көңіл, зейін өте үлкен.
Саммит аясында Мемлекет басшысы Барак Обамамен жеке жолықты. Екеуара әңгімеде ең бірінші кезекте сауда-экономикалық қарым-қатынас жайы сөз болды. Сосын Обама ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесі үшін елімізді үлгі етті.
Ауғанстандағы жағдайды тұрақтындыру үшін қазақтың берген көмегіне алғыс айтты. Айтты да қарымта көмек болатынын жеткізді. Семей полигонындағы инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге АҚШ көмегін береді. Өйткені, Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасында осы жолы бірлескен үндеу қабылданды.
Гаагада Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Сонымен қатар, Жапон премьерімен, Финляндия президенті Саули Ниинистемен, Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмеронмен, Франция Президенті Франсуа Олландпен де келіссөздерге қатысты.
Бұл келіссөздердің барлығында Украинадағы ахуал сөз етілді. Саясаткерлердің қай-қайсысы да қазақ көшбасшысымен кездесуге өздері ниет білдірді.
Брехье Ван Дер Вайст, халықаралық журналист:
Меніңше, саммиттің күн тәртібіндегі мәселелер Украинадағы дағдарыстың көлеңкесінде қалып қойды. G-7-нің саммиттің арасында асығыс отырыс өткізуі, сегіздік құрамынан Ресейді шығарып тастауы да ақпараттық кеңістікті дүрліктірген жаңалықтардың бірі болды.
Екі күнге созылған жаһандық форум қорытындысында елуден астам елдің мемлекет басшылары, үкімет жетекшілер атом материалдарын лаңкестердің қолына түсуден сақтауды көздейтін бірлескен комюникеге қол қойды.
Ал, ендігі саммит Вашингтонда өтеді. Ол ақырғы жиын болуы да ғажап емес. Өйткені, саммитті өткізудің жиілігі, қажеттігі тағы да талқыға түседі. Ал, Қазақстан кезекті саммиттердің бірін өз елінде қабылдауды ұсынады.
Ал, енді Қазақ-Нидерландының алыс-берісі жөнінде. Іргедегі екі ұлы көршіден кейінгі біздегі ауқымды сауда айналымы Нидерландыға тиесілі. Еуропаның жетекші индустриалды елімен өткен жылы тауар айналымы 10 миллиард доллардан асып кетті. Соңғы тоғыз жылда Корольдік Қазақстанға жиыны 50 миллиард доллар қаражат құйып, ең мырза инвестор атанды.
Нұрсұлтан Назарбаевты ресми сапармен келуге шақырған да алдымен Нидерланды тарапы. Елбасы Корольдікке Беатрикс Патшайымның тұсында 2002 жылы келген еді. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Нидерланды премьері Марк Рюттемен кездесті.
Келіссөздердің мақсаты - екі ел арасындағы өзара сенімді бекіту, сауданы еселеу. Президент премьерден кейін тақ мұрагері Нидерландының 7-королі Виллем-Александрмен де жолықты, мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестік туралы әңгімелесті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Таңғалатын мәселе - инновация жөнінен Нидерланды алдыңғы орындардағы мемлекет. Халық ағарту мәселесі, медицинада алдыңғы қатарда. Ауыл шаруашылығында халқының үш пайызы жұмыс істейді. Еуропада ауылшаруашылық өнімін экспортқа шығаратын үшінші мемлекет. Бізде халықтың 45 пайызы ауылда тұрады. Оның жиырма пайызы халыққа жұмыс істейді. Ал шығаратын өнімнің экономикадағы үлесі бес пайызға жетпейді.
Нидерландының төрт мемлекетке ықыласы бөлек. Қазақстан сол төртеудің ішінде. Елімізде атақты «Шел» компаниясының құрылымдары бар. Сол алып концерннің Қазақстанда ұзақмерзімді әрі табысты еңбек етуіне бұл ел ерекше мүдделі.
Әрі нақ осы салада байланыстарды тереңдете түскісі келеді. Бұл жолы елдің жетекші компаниялары өз өнімдерін көрмеге шығарып, қазақстандық делегацияға таныстырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екі елдің арасында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру көзделуде. Біріншіден, энергетикада. Осы елдің «Шел» деген компаниясы Қашағанда жұмыс істеп жатыр. Оның тоқтап қалған жұмысын бітіріп, мұнайды ала бастау қарастырылады. Екіншіден, ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық. Үшіншіден, екі елдің университеті арасында қарым-қатынас жасау мәселесі бар. Ол ғылыми-зерттеу жұмыстарына септігін тигізеді деп санаймыз.
Біздің тараптың ұпайын түгендейтін дүние - инвестиция, өңдеу өнеркәсібіне, индустрияға құйылар қаражат. Нидерландыда көмірсутек көздерін өңдеу, химия өнеркәсібі, логистика мен қаржы саласы аса қауқарлы. Енді алты жылдан кейін Голландия энергияның жиырма пайызын балама жолмен алады.
Сондықтан, EXPO көрмесі қарсаңында дамыған елдің «жасыл экономикаға» көшу тәжірибесі де сұранысқа ие. Кәсіпкерлердің арасын жақындастыру үшін екі ел іскерлік кеңес құрды. Ал, сыртқы істер министрлері саяси консультация бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті.
Нидерландылықтар қызғалдақтың жаңа сұрпын өсірген. Оған «Президент Назарбаев» деген ат беріп, осы сапарда Елбасыға тарту етті.
Шерен Дайксман, Нидерландының ауыл шарушылығы министрі:
Қызғалдықтың отаны - Қазақстан екенін білеміз. Біз жаңарудың символына айналған қасиетті гүлді үлкен достықтың белгісі ретінде еліне қайтарып жатырмыз.
Нидерландыда, сондай-ақ, Қазақ Президентінің атындағы жаңа пошта маркасы айналымға шықты. Роттердамда «Астана» деп аталатын алаң ашылды. Ал, алдағы екі жылда Қазақстанда Нидерландының, ал Нидерландыда Қазақстанның мәдениет күндері атап өтілмек. Екі ел мәдени байланыстарды да тереңдете бермек.
Сонау Хиросима мен Нагасаки трагедиясынан кейін сол атом бомбасын жасауға жетекшілік еткен физик Роберт Оппенгеймер «біз шайтанның ісін істедік» деп бармақ тістепті.
Ғалым АҚШ-тың сол кездегі президенті Гарри Трумэнмен кездескен кезде де «жапон қалаларын бомбалағаннан кейін қолымызды қанға малғандай болдық» деп өкініш білдірген.
Сонда Президент Трумэннің не дегенін білсеңіз. «Ештеңе етпейді, ол сумен оңай жуылады» депті түк болмағандай. 200 мыңнан аса бейбіт тұрғынның өліміне еш өкінбепті де.
Оның жанында ядролық қарудан бас тартқан біздің Президенттің шешіміне мұхиттай сауап жазылары анық. Тажалды тұншықтырдық. Бейбітшілікке жақ елді Құдай да қолдары хақ.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Елімізде 46 экологиялық аумақ құрылады
26.04.2026, 23:32
Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі
26.04.2026, 23:30
Экологиялық саммитте 2 млрд долларға қандай келісімдер жасалды?
26.04.2026, 23:28
«Бизнес», «элит», «комфорт» класс атаулары заңда жоқ. Сонда қалай?
26.04.2026, 23:27
Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін бе?
26.04.2026, 23:15
Алматыда «SuperStar KZ» мегажобасына іріктеу өтіп жатыр
25.04.2026, 20:08
«Бату хан» тарихи-деректі романы таныстырылды
25.04.2026, 20:06
«Қазақстан» РТРК» ұжымы сенбілікке шықты
25.04.2026, 20:05