Басты Жаңалықтар Беларусь пен Қазақ елі ертеден сыралғы әріптес мемлекеттер

Беларусь пен Қазақ елі ертеден сыралғы әріптес мемлекеттер

Беларусь пен Қазақ елі ертеден сыралғы әріптес мемлекеттер

Беларусь. Шығыс Еуропадағы шаруақор жұрттың бірі. Біздің қазақтың көбі бұл елді атақты «Беларусь» тракторы арқылы таныды. Бұрын талай ауылдың шаңын аспанға көтерген көк тракторлар Қазақ еліне әлі де қажет. Кен орындарына арналған «БелАЗ» көліктері тағы бар.

 
Әйтпесе, күзде егінге орақ түсерде, қысқы мал азығын қамдарда елдегі шаруалардың дені техникадан тарығады. Қолда бары тозып барады, өндірісті өзімізде құрмасақ, өзгелері озып барады.
 
Жалпы, Беларусь пен Қазақ елі ертеден сыралғы әріптес мемлекеттер. Ешқашан бақталас болған емес. Бұрын бір шекпенді еріксіз жамылдық, қазір енді ерікті елдердің бірыңғай экономикалық кеңістігін құру жолында терлеп келеміз.
 
Екі елдің тілі мен діні бөлек, алшақтау жатыр демесеңіз, болашағы бір - экономикалық кеңістікте. Бұл кеңістік аясында кедендік рәсімдер, кедергілер болмайды. Бизнес қожайыны екі мемлекетке де артық алым-салық төлемейді. Жеңілдетілген жүйенің қызығын қазірден ептілер ептеп көріп жатыр.
 
Енді бірі бәсекеге төзе алмай, соры қайнап жүр. Нарықтың заңы қатал өйткені, мықтыларды ғана мойындайды. Анығында Беларусьтан алғанымыз да, бергеніміз де көп. Бірімізде жоқты біріміз беріп, себелесе күн кешіп келеміз. Минск шикізаттан тарықса бізге қарайлайды. Ал, бізге агротехникалық саланы дамытуда тәжірибе керек. Сонымен, екі елдің интеграциялық ахуалы қалай?
 
Алып цех ішіндегі шудан құлақ тұнады. Тарс-тұрс темір соққылары. Жүк көліктерін шығаратын әлемдегі үлкен кәсіпорындардың бірі - «БелАЗ». Беларусь автомобиль зауыты. Тарихы да тереңде жатыр.
 
Соғыстан ең қатты зардап шеккен, халқының үштен бірінен айырылып қалған елдің экономикасын көтеру оңай болған жоқ. 1946 жылы алдымен қаулы қабылданады, 48-де қабырғасы қаланады. Ал 1950 жылы завод алғашқы өнімін шығарды.
 
Осы уақыттан бері «БелАЗ» тоқтаусыз жұмысын бастады. Беларусь жерінің табиғаты көркем болғанымен, жерасты байлығына жұтаң. Кеңес одағы тұсында шикізатпен Қазақстан қамтыды.
 
Ал Одақ тараған тұста тұралап қалмаса да, өндіріс сәл бәсеңдеді. Беларусь халқы бұл көліктерді бренд деп біледі. Сондықтан, барын салып жұмыс істейді. Заводтың сол қиын кезде, халық жалақысыз қалған кезде де тоқтаусыз жұмыс істеуі - осындай кәсібіне адал азаматтардың еңбегі. 
 
Дмитрий – электрик. Ол көлік құрастыруды ауыр жұмыс деп есептемейді, шығармашылық тұрғыдан қарайды.
 
Дмитрий Ворошков, электрик:
«БелАЗ» - біздің еліміздің бренді. Бізді білмесе де, «БелАЗ»-ды барлығы таниды. Мен осы кәсіпорында 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Әке-шешем де, ата-енем де осында қызмет қылған. Енді менің балаларым да машина құрастыру кәсібін меңгеріп жатыр.
 
Дмитрийдің мақтанатын да жөні бар. Өйткені, оның маңдай тері тамған темір бөлшектерден әлемді таңғалдырған кереметтер жасалып жатыр.
 
Айнұр Омар, тілші:
Зауыттың соңғы, әрі заманауи туындысы - осы алып жүк көлігі. Сиымдылығы - 460 тонна. Ауқымы үйдей. Сөйте тұра, оны басқару оңай. Зор техника болғанымен, іші өте қарапайым. Газ, тежегіш, артқа, алдыға жылжыту тетігі, болды. Көлікті сіз де жүргізіп кете аласыз.
 
Көлікті жүргізіп бара жатқан біз емес, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко. 2013 жылдың қазанында көліктің тұсауын кесіп, ары-бері жүріп көрді. Тағы бір жаңалық - бұл жүк көлігі Гиннестің рекордтар кітабына кіруге үміткер.
 
Анатолий Трамбицкий, «Белаз» холдингінің коммерциялық істер басқармасы директорының орынбасары:
Былтыр ғана жасап шығарған 450 тонналық көлікті қазір Кузбасқа жібердік. Ол - әлемдегі ең үлкен самосвал, біздің мақтанышымыз. Біздің өнімнің негізгі тұтынушысы - Ресей Федерациясы. «БелАЗ» көліктері - тау-кен өндірісінде таптырмас құрал.
 
Тау мен тасты бұзып жатқан сары көліктер Қазақстанның кен орындарында да пайдаланылуда.
 
Анатолий Трамбицкий, «Белаз» холдингінің коммерциялық істер басқармасы директорының орынбасары:
Қазақстан кәсіпорындарымен бұрыннан бері жұмыс істеп келеміз. Қазіргі күні Қазақстанда жүк сыйымдылығы әртүрлі мыңдаған техникамыз бар. 30 тонналықтан - 200, 45 тонналықтан - 300, 130 тонналықтан - 150 машина жіберілді. Былтыр 220 тонналық алғашқы көліктерді Шұбаркөлге жеткіздік.
 
Көнедан аралас-құраласы бар біздің елді былай қойып, «БелАЗ» көліктері Латын Америкасы, Иран, Болгарияда да бар. Ал рекордшы көлік сатылып кеткен. Ресей алыпты, бағасы да қымбат. 10 миллион доллар.
 
Қазақстандықтарға етене таныс тағы бір техника бар. Ол «Беларусь» тракторлары. Осы көлікпен тыңға «түрен» салдық, жерді жырттық, отынды жинадық, шөпті де тасыдық. Қазақтың маңдайалды механизаторлары жақсы біледі қыр-сырын.
 
МТЗ немесе Минск Трактор зауыты. 1946 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қазірдің өзінде 30 мыңға жуық қызметкері бар. Жарты ғасырлық тарихында МТЗ 3 миллион трактор шығарған.
 
Александр Казакеевич, «МТЗ» ААҚ маркетинг жөніндегі директорының міндетін атқарушы:
Зауыттың қазіргі жағдайы жаман емес. Жылына 60 мың трактор шығарып отырмыз. Болашақта бұл көрсеткіш ұлғаяды, өйткені, сұраныс өте көп. Қазір әлемнің барлық елі ауыл шаруашылығына үлкен мән бере бастады. Сондықтан, біздің тракторлар жақсы өтіп жатыр. Қолайлы, ықшам. Қымбат емес. Әрі сұранысқа сай жылдам жасап беруге барамызды саламыз. 
 
Беларусь тракторы әлемнің 150 елінде бар. Қазақстан тарапынан да сұраныс артып келеді.
 
Александр Казакеевич, «МТЗ» ААҚ маркетинг жөніндегі директорының міндетін атқарушы:
Біз бұрынғы КСРО елдері, оның ішінде Қазақстанмен өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр бір жылдың ішінде 2600 техниканы жеткізіп бердік. Қазір Астана мен Алматыда сауда үйіміз де бар. Бізде тракторларды құрастыратын өндіріс орны да бар.
 
Бұл - Александр деген шебер. Жұмысына мығым, айтқанын іске асырады. Сынбайтын, бұзылмайтындай етіп бұрайды әр бұранданы. Қара күшін ғана емес, махаббатын да салады кәсібіне.
 
Александр Жаврик, механикалық жинау цехының маманы:
Қазақстанға барғым келеді. Ол жақта біз жасаған тракторлардың қалай пайдаланылып жатқанын көрсем деймін. Өйткені, сапалы дүниені көрсетудің өзі бір мақтаныш.
 
Кедендік одақ құрылғалы арадағы қатынас та жандана бастады. Техника сатып алудың әуресі азайды. Кедендік салық жоқ, кедергі кездеспейді. Қазірдің өзінде ел аумағында 2500 мыңнан астам су жаңа трактор жүр.
 
«Беларус 82»-нің моторын майлап, шанағын сайлап жатқан маңдайалды механизатор - Жанат Бітімбаев. «Интеграция», «Кедендік Одақ» дегенді жиі естиді. Бірақ саясатқа жоқ, көк тракторым аман болсын, дейді. 30 жылдан бері «көк өгіздің» сырына қанық. 
 
Жанат Бітімбаев, механизатор:
Бұл 82-нің бір айырмашылығы - тауда да, таста да жүре береді. Өзім алты жылдан бері пайдаланып жүрмін. Сол алты жылда биыл тек  моторындағы ақауды жөндедім. Ешқашан ренжітіп көрген жоқ. Осының арқасында ақырындап еңбегімді тауып жатырмын.
 
Беларусь шеберлері жасаған көк тракторлар, көп тракторлар қазақ даласында қызу жұмысқа кірісті. Жанат та сұхбат беруге уақыт тапшы екенін айтты. Айтты да, «Беларусына» мініп, егіс алқабын аралап кетті.
 
Айнұр ОМАР
Бөлісу