Иран әлемдік нарыққа мұнай сатуды әрі қарай жалғастырып, АҚШ жариялаған ауыр санкцияларды еңсеріп шығады. Мұны бүгін Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани мәлімдеді. «Америкалықтар жазалануы керек. Олар мәдени мұраға бай ұлтымызды үнемі сылтау тауып, тізе бүктіргісі келеді. Бірақ, біз оған мойымаймыз», - дейді Иранның мемлекет басшысы.
Америка Құрама Штаттары 2015 жылғы ядролық келісімнің нәтижесінде жойылған санкциялардың барлығын бүгін қайта күшіне ендірді. Олар Иранның мұнай экспортын, кемелері мен банктерінің қызметін шектеп, Ислам елімен бизнес жасауды мүлде қиындатып жібірді.
Вашингтон бұл санкциялары арқылы Тегеранның ядролық-зымырандық бағдарламасын тоқтатып, оның Таяу Шығыста күшейіп келе жатқан ықпалына қарсы тұруды көздеп отыр. Алайда, Иран билігі әлемдік державалармен жасалған ядролық келісімді бұзбағанын мәлімдеп келеді.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.