Балалар арасында көз аурулары көбейген
Қазақстанда көз ауруларына байланысты 29 мыңнан астам бала дәрігерлердің бақылауында тұр. Олардың 18 мыңнан астамына миопия, яғни алыстан көрмеушілік диагнозы қойылған. Көз аурулары әсіресе 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Мәселен, Маңғыстау облысында биыл 10 мыңнан астам жеткіншектен көз ауруы анықталған. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Ақтаулық Ербол Жантоқовтың жеті жастағы қызы Ясминаға миопия диагнозы қойылған. Ол алыстағы заттарды анық көрмейді. Әкесі қызының көру қабілеті нашарлағанын теледидардан мультфильм көргенде байқаған. Қазір ол тұрақты дәрігердің бақылауында. Әр алты ай сайын көзілдірігін ауыстыруға тура келеді.
Ербол Жантоқов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Телефон көретін еді үйде, сосын теледидар қосып бердік. Теледидардан мультик қарайды ғой, сірә. Сол теледидарды тұрып көретін болды жақындап, содан көзі дұрыс емес екенін байқадық. Сосын дәрігерге барып ек, көзілдірік жазып берді. Жалпы, телефоннан ғой, телефон бермеу керек.
Ақтау қалалық №2 емханада балалардың көру қабілетін жақсартуға арналған арнайы кабинет жұмыс істейді. Мұнда күніне 25 бала ем қабылдайды. Олардың арасында балабақша жасындағы бүлдіршіндер де, жасөспірімдер де бар. Мамандар көз ауруларын арнайы аппараттар мен бағдарламалар арқылы емдейді.
Орынгүл Исабайқызы, медбике:
Бұл кабинетте балалардың миопиа, астигматизм, амблиопия, косоглазие диагноздарымен балаларды программа «ая релекс» деген программалармен көзіне ем алады. Мына жерде қазір миопиа бала келіп отырған, бүгін бірінші емін бастап жатыр. 10 күн көлемінде ем жүргіземіз. Оң нәтиже болады. Біз оларға жатып телефон көрмеуге, жатып кітап оқымау - барлық ережелерін айтамыз.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бұл жаттығу балалардың көзінің бұлшықетін нығайтуға арналған. Мына фигураларды басу арқылы көз жаттығады. Оны осындай арнайы көзілдірік кию арқылы жасайды. Бұл жаттығу 6 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға арналған.
Маңғыстауда былтыр 14 жасқа дейінгі 19 мыңға жуық баладан көз аурулары анықталған. Ал биыл скринигтік тексерудің нәтижесінде қыркүйек айына дейін 18 мыңға жуық балаға алғаш диагноз қойылған.
Баян Жәрдемова, Ақтау қалалық №2 емхананың офтальмолог дәрігері:
Қазір балалар арасында көз ауруларының ішінде миопия, яғни алыстан көрмеушілік жиі кездеседі. Оның бір себебі - балалардың кішкентай кезінен бастап гаджеттерді көп пайдалануы. Мектептерде интерактивті тақталар қолданылады, мұғалімдер тапсырмаларды да телефон арқылы береді. Соның салдарынан балалар күндіз де, кешке де экран алдында көп отырады.
Мамандар ата-аналарға балалардың гаджет пайдалану уақытын шектеуге, ұйқы режимін сақтауға кеңес береді. Көздегі өзгерістерді ерте анықтап, дәрігерге уақытылы қаралу баланың денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы