Басты Жаңалықтар Атырауда ұлттық мерекенің мән-мағынасы дәріптелді

Атырауда ұлттық мерекенің мән-мағынасы дәріптелді

Атырауда Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысып, ұлық мерекенің мән-маңызын дәріптеді.

Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Көкке көтерілген Ту – елдіктің белгісі, азаттықтың айғағы. Осыдан 36 жыл бұрын 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздікке бастар тарихи қадам болды. Содан бері Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан нығайып, өндірісін өркендетті. Әсіресе мұнай-газ саласы ел экономикасының негізгі тірегіне айналды.

Саламат Ідірісов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің басқарма төрағасы:

Еліміз қазір үлкен саяси және экономикалық реформалардың нәтижесінде жаңа әділетті және озық Қазақстанға аяқ бастық. Сондықтан бұл мереке әрбір қазақ азаматы үшін қастерлі, ұлық мереке болуы керек. Мереке құтты болсын!

Егемендік жылдарында Атырау облысы да ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. Қазақстандағы көмірсутегі шикізатының 65 пайызы шоғырланған өңірде мұнай-газ өнеркәсібі өркендеп, өндірістік әлеует артты. Ал мерекелік шараға жиналған жұрт үшін Республика күні – өткенді бағамдап, келешекке сеніммен қарауға үндейтін ерекше күн.

Дәмелі Уапова, Атырау қаласының тұрғыны:

Рухымыз көтеріліп жатыр бүгінгі мерекеде. Өте керемет. Осылай көңіліміз шуақты болсын. Өзіміз қуатты болайық деймін. Сол қуатты, сауатты Қазақстанда ұрпақтарымыз саналы, салиқалы болсын дегім келеді. Мерекеміз өте жақсы өтіп жатыр, көк Туымызды қараңыз, қалай аспанда желбіреп тұр.

Республика күніне орай облыстың өзге аудандарында да мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Республика күні – елдіктің тұғырын бекемдеп, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын мереке. Көк байрақтың биікте желбіреуі – азат елдің асқақ рухы мен жарқын болашаққа деген сенімінің көрінісі. 

Бөлісу