Басты Жаңалықтар Асыл тұқымды жылқы саны артып келеді

Асыл тұқымды жылқы саны артып келеді

Мемлекет басшысы асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн деді. Бұл бағытта еліміздегі санаулы жылқы зауыттарының бірі Қарағанды облысында жұмыс істеп тұр. Ата кәсіпті ғылыммен ұштастырып, жабы тұқымының жаңа түрін елге ұсынған жылқышы жайлы Жандос Бақытұлы тарқатсын.

Мұрат Қожамбердин 40 жылдан астам уақытын қазақы жабы жылқысын асылдандырға жұмсап келеді. Қамбар ата түлігінің саны мен салмағына емес, сапасына ерекше көңіл бөліп, сұрыптау жұмыстарын әлі күнге тоқтатпаған. Еңбек адамының айтуынша, қазақы жылқының тегін сақтау үшін құлын кезінен арқаның алып төсінде мезгіл сайын мекен ауыстырып, еркіндікте өсірген.

Мұрат Қожамбердин, «Шолақ Еспе» жылқы зауытының басшысы:

Әр жылқының өзінің ата тегін жазып, оның ұрпағын жазып, қай айғырға салу керек - оның бәрін солай келтірдік. 91 жылы «Сарыарқа» типін апробациядан өткіздік. Одан кейін барып Қожабердінің типін шығардық. Міне, сол жылқымен айналысып жатырмыз.

Мұғалжар жылқысының арқа төріндегі асыл тұқымды Қожамберді түрінің басты ерекшелігі осы. Ертеден Сарыарқаны мекен еткен қазақы жылқының қаны сақтаулы. Қысы-жазы өрісте. Табынмен жайылып, тебіндеп ас тапқан арғымақтың салмағы жарты тоннадан асады.

Дәурен Сыдықов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Тұрқы айғырлардың салмақтары 500-ден кем болмау керек. Билердікі 450-ден кем болмауы керек. Ал бойы табиғатқа, жерге байланысты сақтаулы бойы бар. Шоқтығы айғырлардың 146-дан аспайды. Биелердікі 145 сантиметр болады.

Мамандардың айтуынша, елімізде жылқының 14 түрі өсіріледі. Ал оның тек бесеуі ғана қазақы жылқы. Қалғандары сырттан келіп, жерсінгендер екен. Сондықтан жылқы зауытының ендігі мақсаты - Қожамберді түрін орталық Қазақстанның дербес жылқысы ретінде таныту.

Әлібек Базарғалиев, Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты басшысының м.а.:

Қасым-Жомарт Тоқаев айтады ғой, әр салада өзінің династиясы болуы керек. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен дүние. Жылқының ерекшелігі - 40 градус ыстық бола ма, 40 градус салқын бола ма, жаңбыр, боран - осыған қарамастан өзінің табиғаттан керекті қорегін алады.

Елімізде төрт түлік төресінің саны 4 миллионнан асып жығылады. Алайда асылтұқымды арғымақтардың саны 40 мыңнан енді асты. Сондықтан асылдандыру жұмыстары қолға алынып, ерекше қарқын алды. 

Бөлісу