Трамп Анкарадан саудиялық журналистің өлтірілгеніне бұлжымас дәлел келтіруді сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп Анкарадан саудиялық журналистің өлтірілгеніне бұлжымас дәлел келтіруді сұрады

18.10.2018

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркиядан саудиялық журналист Жамал Хашоггидің консулдықта өлтірілгеніне бұлжымас дәлел келтіруді сұрады. Айта кетсек, бұның алдында түрік үкіметі тілшінің Стамбулдағы дипмиссия ғимаратында мерт болғанын мәлімдеген еді.

Өткен түні тергеушілер Саудия консулының резиденциясын тоғыз сағатқа жуық тінтіп, содан кейін 200 метр жерде орналасқан консулдықтың өзіне аттанды. 

Жамал Хашогги консулдыққа қазанның 2-де кірді. Бірақ, оның шыққанын ешкім көрген жоқ. Америкада тұрған журналист мұның алдында Саудия үкіметін сынап, «Вашингтон пост» газетінде мақала жариялап тұрған. Сол материалдардың бірі кеше жарық көрді. Онда Хашогги Таяу Шығыста сөз бостандығы болмаса, Араб әлемі «темір шымылдықтың» ар жағында қалатынын ескерткен.

Түрік үкіметінің өкілдері Хашоггиді бейнекамераға түсіп қалған саудиялық агенттер тобы өлтіргеніне күмән келтіріп отырған жоқ. Ал, «Нью-Йорк Таймс» газетінің дерегінше, сол 15 агенттің төртеуі Саудия тақ мұрагері – ханзада Мұхаммед бин Салманмен байланысты, біреуі - корольдіктің Ішкі істер министрлігінің лауазымды қызметкері.

 

Арыстан РЫСБЕК 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу