Испанияда шерушілер зейнетақыны көтеруді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Испанияда шерушілер зейнетақыны көтеруді талап етті

24.09.2018

Испания астанасы Мадридте сан мың адам шеруге шығып, мемлекеттік зейнетақыны көтеруді талап етті. Сондай-ақ, олар үкіметті бұл мәселеде әрекетсіз отырмауға шақырды.

Демонстранттардың көпшілігі – зейнеткерлер. Олар парламент үйінің жанынан өтіп бара жатып, шенеуніктерді «ұрылар» деп айыптады.

Шерушілердің сөзінше, зейнетақы инфляциядан қалыспай көтерілуі керек. Дегенмен, биліктегі социалистік партия маусымда зейнетақыны өсіру туралы алдын-ала келісімге қол жеткізді. Алайда, оның мән-жайы әлі толық жарияланған жоқ.

Айта кетсек, 2008 жылғы дағдарыс салдарынан бұл мемлекеттің өтемақы қорында қаржы таусылды. Елді тығырықтан шығару үшін министрлер кабинеті бюджетті қатаң үнемдеуге мәжбүр болды.

Испанияда 8,7 миллион зейнеткер бар. Ал, туу көрсеткіші төмендеп келеді. Бұл жағдай алаңдаушылыққа себеп болып, зейнетақы жүйесін терең реформалау мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.

Джесус, 84 жастағы зейнеткер:

- Зейнетақы өмір сүруге жетуі керек. Бірақ, қазір олай емес. Электр қуаты да, су да, бәрі де қымбаттап жатыр. Қолымызға тиетін ақша бірте-бірте азайып барады. Олар зейнетақыны көтердік деп ұялмай айтып жүр. 0,25 пайызға ғана өсірді. Бұл дегеніміз – 1 еуро ғана ғой.

 

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу