Лондон мэрі екінші референдум өткізуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондон мэрі екінші референдум өткізуді ұсынды

17.09.2018

Лондон мэрі Садық Хан Ұлыбританияның Еуропа одағындағы болашағы жөнінде екінші референдум өткізуге шақырды. Мұны ол «BBC» телерадиокорпорациясына берген сұхбатында мәлімдеді.

Біріккен Корольдік 2019 жылы наурыздың 29-да одақпен ажырасуы керек. Алайда, премьер-министр Тереза Мэйде онымен келешектегі қатынастар жайлы нақты жоспар жоқ. Сондықтан, Британияда жұмыс орындары 500 мыңға қысқарып, инвестиция көлемі 50 миллиард фунт стерлингке азаяды деген қауіп бар.

Осыған байланысты кәсіподақ ұйымдары мен бизнес басшылары халықтың «брексит» туралы пікірін қайта білу мәселесін жиі көтере бастады.

Садық Хан, Лондон мэрі:

- Еуропа одағымен болашақтағы қатынастарымыздың қандай болатынын білмесек, «брексит» туралы келісім жасалмаса, елімізде жұмыс орындары жарты миллионға қысқарады. Бір Лондонның өзі 87 мың жұмыс орнын жоғалтайын деп отыр. Бұл – Британия үшін жақсылық емес. Тұрғындар келіссөздердің нәтижесі жайында, соның ішінде, Еуропа одағында қалуға қатысты да өз сөзін айтуы керек.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу