Польшада сан мың адам шеруге шығып, соңы полициямен қақтығысқа ұласқан. Демонстранттар сот туралы жаңа заңның күшіне енуіне қарсылық білдіріп жатыр. Олардың ойынша, бұл реформа елді демократиялық бағытынан тайдырады. Алайда, биліктегі ұлтшыл партия өкілдері Польшаның әділет жүйесіне мұндай өзгерістер енгізу коммунистердің сарқыншақтарынан арылу үшін қажет дегенді айтып келеді.
Соңғы күндері Польшаның бірнеше қаласында шерулер тоқтамай отыр. Халық сот жүйесін реформалауға наразылық білдіріп көшеге шыққан. Ал, кеше Варшавадағы президент сарайының жанында демонстранттар мен полицейлер қақтығысты. Екі жақ бір-біріне көзді жасаурататын газ шашқан.
Шілденің басында Польшада Жоғарғы сот туралы жаңа заң күшіне енді. Оған сәйкес, соттар белгілі жасқа келгенде, отставкаға кетуі керек - ер адамдар – 65-ке, әйелдер – 60-қа толғанда. Бірақ, шерушілердің ойынша, олардың орнын шенеуніктердің сыбайластары басайын деп отыр.
Магадалена, Варшава тұрғыны:
- Бұл заң биліктегі партияға өз адамдарын сот қызметіне тағайындауға жол ашады. Іс жүзінде Польшада билікті бөлісу жүйесі күйреді деуге болады.
Сонымен қатар, жаңа заң әділет министрлігіне жоғарғы соттарды қызметтен босату жөнінде ұсыныс жасауға және оларды тағайындауға рұқсат береді. Бірақ, соттарды отставкаға жіберу процесі парламенттің шешімі бойынша басталуы керек. Ал, сол парламентте отырғандардың көбі – биліктегі «Заң және әділет» партиясының өкілдері.
Даулы заң күшіне енген бірнеше аптаның ішінде Жоғарғы соттың 22 судьясы қызметтен мәжбүрлі түрде кетірілген. Кейбір тұрғындар «бұдан үкімет сот жүйесін толық бақылауға алды» деп қорытынды шығарып отыр.
Януш Валкиевич, Варшава тұрғыны:
- Польша мемлекетінің іргетасы теңселіп тұр. Отыз жыл бойы құрғанымыз күйреп түсті. Тәуелсіз соттар демократияның іргетасы ғой.
Бірақ, биліктегі ұлтшыл партия өкілдерінің сөзінше, бұл реформа телефонмен жұмыс істейтін, қылмыс жасаса да жазаланбаған, түрмеде отырып шыққан соттардан және коммунистердің сарқыншақтарынан арылу үшін қажет. Дегенмен, сот жүйесін тиімді етемін деп, Польша Еуропа одағының миллиардтаған еуро көмегінен айрылып қалуы мүмкін.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.