Германия Ресейдің бақылауына толық түсті. Бұл – НАТО үшін жаман жағдай. Мұны бүгін Солтүстік Атлантикалық альянс елдері басшыларының Брюссельде ашылған саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Германия көгілдір отынның 70 пайызын Ресейден импорттап, Мәскеудің қармағына ілінген. Ақ үй басшысы мұны президент Владимир Путинмен келесі аптада Хельсинкиде кездесер қарсаңда айтып отыр. Ал, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің сөзінше, альянс мемлекеттері қорғанысқа шығынды арттырмақ.
НАТО елдері бұған дейін әскери бюджетті жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына жеткізуге келіскенді. Бірақ, сол уәдені Польша, Германия, Франция, Канада, Испания әлі орындай алмай келеді.
Йенс Столтенберг, НАТО-ның бас хатшысы:
-НАТО - 29 елден құралған одақ. Сондықтан, онда әркелкілік пен түрлі көзқарастар бар. Сонымен қатар, Ресейден Германияға газ құбырын тарту мәселесінде де келіспеушілік болды. Дегенмен, НАТО-ның қуаты – осындай қарама-қайшылыққа қарамастан, бір-бірін қорғауға келгенде бірлесе білуінде. Білесіздер, біз бірге болғанда - күшпіз. Қаржыландыру мәселесіне келсек, былтыр бюджетіміз бүкіл Еуропа бойынша өсті.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.