Ердоған тағы бес жылға сайланды
Реджеп Тайып Ердоған Түркияны тағы бес жыл басқарады. Жексенбіде өткен президенттік сайлау бюллетендерінің 99 пайызы саналып болды. Оның нәтижесіне қарағанда, Ердоғанға электораттың 53 пайызы дауыс берген. Ал, Республикалық халық партиясының лидері Мұхаррем Инжені қолдағандар – 31 пайыз.
64 жастағы Ердоған өз партиясының Анкарадағы штаб-пәтерінің балконынан сөз сөйлеп, жеңісінің 81 миллион халыққа ортақ екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ердоған Сирия жерлерін азат етіп, миллиондаған босқынды еліне қайтаратынын мәлімдеді.
Кешегі сайлау нәтижесінде Түркия президенттік республикаға айналды. Демек, Ердоған атқарушы билікті түгел қолына алып, министрлер мен вице-президенттерді тікелей өзі тағайындайды, сот ісіне араласып, төтенше жағдай жариялай алады. Ал, премьер-министр лауазымы мен кеңсесі жойылды.
Жексенбі күні Түркияда парламенттік сайлау да өтті. Онда Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы 42 пайыз дауыс жинап, 600 депутаттық орынның басым бөлігін иеленген.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы