«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Түркістан облысының жұртымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Түркістан облысының жұртымен кездесті

10.04.2019

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобының Түркістан облысына сапары жалғасуда. Бүгін билік өкілдері тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік бастамалар туралы ақпарат беріп, пікірлерін тыңдады.

Түркістан облысында әлеуметтік мәселелерді шешудің жергілікті жол картасы жасалған. Соған сәйкес, тұрмыс жағдайы өте төмен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар анықталып, олардың мәселесін шешудің тетіктері қарастырылуда. Сонымен қатар, үйсіз азаматтарды баспанамен қамту басты назарда және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр.

Аймақтағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жалпы саны - 86 мың. Соның 5 мыңға жуығы баспанасыз. Облыс билігі биыл бірінші кезекте осы санаттағы 3 мың адамның тұрғын үй мәселесін шешіп, қалғандарына әртүрлі деңгейде материалдық көмек көрсетпек.

Түркістандағы білім сапасын арттыру мәселесі де қозғалды. Әлеуметтік қамқорлық шаралары аясында мектептер салынып, колледждер жаңғыртудан өтеді. Назарбаев Зияткерлік мектебі салынады. Денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.

Түркістан жұртшылығына Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Жәрдемақы алудың тәртібі мен жалақының өсімі, инфрақұрылымды дамыту, денсаулық пен білім сапасын дамытудың жоспары баяндалды. Өз кезегінде, вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік саясаттың ең негізгі мақсатын түсіндіріп берді.

Жалпы халықпен кездесуден кейін, азаматтарды жекелеген мәселесі бойынша қабылдау өтті. Әр адамның мәселесі назарға алынып, жауапты тұлғаларға тапсырма берілді. Осыдан соң өңірдегі шағын және ірі кәсіпорын басшыларымен кездесу өтті. Мұнда негізінен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі қозғалды.

Нұр-Сұлтаннан Түркістанға арнайы келген Үкімет өкілдері жергілікті атқамінер азаматтарға Елбасы тапсырмаларын қатаң бақылауды және сапалы әрі мерзімді орындалуы керектігін ескертті. «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру тобы ертең Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барады.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу