Қазақ елі Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай ұлттық мүддені ұлық міндет етіп, көп қырлы сыртқы саясатта белсенділік танытып келеді. Сол тұста еліміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысуы маңызды қадам болды.
Ұйым 2001 жылы 15-ші маусымда Шанхай қаласында Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің өзара келісімімен құрылды. Байқаушылар Ауғанстан, Иран, Үндістан, Моңғолия, Пәкістан. Ал, сұхбат бойынша Беларусь, Түркия, Шри-Ланка серіктес мемлекеттер саналады. Атап айтарлығы, мүше елдердің жер аумағы Еуразия кеңістігінің бестен үш бөлігін құрайды. Халқының саны - 1 миллиард 455 миллион адам. Яғни, жер шарын мекендеген адамзат қауымының төрттен бір бөлігін қамтып отыр.
Жалпы, 2001 жылғы 14-қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы Үкімет басшылары бірінші рет Алматыда кездескен. Одан кейін де олар мүше мемлекеттердің ірі қалаларында сан мәрте жүздесті. Енді, ертең кеңестің 13-ші отырысы Астанада өтпекші. Кеңестің тәртібіне сай Премьер-министрлер сауда-экономикалық ынтымақтастық, өзара ықпалдастық мәселелерін қарайды. Белді сарапшылар Үкімет басшыларының Астанада басқосуын елеулі оқиға, деп бағалайды.
Алмат ӘБДІРАМАН