Бұл туралы бүгін Астанада өткен Халықаралық адам құқықтары күніне арналған дөңгелек үстелде мәлім болды.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қорқыт ата сияқты дала өркениетінің ойшылдары Дала рухының өзіне тән кодексін жасағанын, оның негізі адамның табиғи құқықтары екенін атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов Қазақстан БҰҰ-ның белсенді мүшесі ретінде халықаралық міндеттемелерге үлкен жауапкершілікпен қарап отырғандығын айтты.
Сондай-ақ, еліміз келер жылдан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болып сайланады.
Осы орайда, жауаптылар мемлекетімізге артылған сенімді ақтап, халықаралық байланыстарды нығайту керектігін жеткізді.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы:
Біз өткен жылы ең негізгі Кодекстерді қабылдадық. Мысалы, Қылмыстық Кодекс, Қылмыстық процессуалдық Кодекс. Дүниежүзілік қоғамдастықта, халықаралық дәрежеде адам құқығын сақтауды жетілдіру тетіктері қандай? Ол үшін алдағы уақытта қандай Заңдар қабылдауымыз керек? Барлық Елшілік өкілдері үлкен ықылас білдіріп, соған мейлінше қатынасып, пікір алысып отырамыз.
Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ