Халықтың әлжуаз топтарына ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтер қатары артпақ. Сондай-ақ, олардың сапасы мен тиімділігін одан ары дамыту көзделуде. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген көшпелі отырыс барысында белгілі болды.
Жиында баяндама жасаған Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиеваның айтуынша, «жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың сапалы білім алуына мән берілмек». Мәселен, әр 4 жыл сайын балалар үйінің 1 мыңнан астам қызметкері біліктілік курстарынан өткізіледі. Мұндағы басты мақсат – әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың біліктілік деңгейін арттыру. Қазіргі күні қазақ жерінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 188 ұйым бар. Оларда он мыңға жуық балғын тәрбиеленіп келеді. Отырыс барысында белгілі болғандай, алда әлеуметтік қызметкерлердің әлеуетін арттыруға жағдай жасалмақ.
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ