Нью-Йоркте тұрақты даму жөнінде саяи форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркте тұрақты даму жөнінде саяи форум өтті

14.07.2014
Нью-Йоркте тұрақты даму жөнінде саяи форум  өтті

Қазақстандық делегация БҰҰ Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде маңызды жиынға қатысты.

Мамыр айында өткен Астана экономикалық форумында  Елбасы  «Кедейлікті жою жол картасы»  туралы кеңінен айтқан болатын. Осы орайда жиындағылар кедейлікті жою және теңсіздікті қысқарту мәселесі төңірегінде пікір алмасты.

Халықаралық зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, бүгінде ауқаттылар мен кедейлер арасындағы алшақтық әлемдегі өзекті проблемалардың бірі болып отыр.

Қаржы дағдарысының салдары мен шиеленіскен әлеуметтік жағдай жаһандық дамуға кері әсерін тигізуде.

Өткен жылы әлемдегі жұмыссыздар қатары 5 миллион адаммен толыққан екен. Африка мен Азия елдерінің кедейліктен көз ашпаған тұрғындары күніне 1 долларды қанағат етуге мәжбүр.

Болжам бойынша, экономикалық өсу бәсеңдеуі мүмкін. Сол себепті БҰҰ-ның саяси форумында кедейлікті жою мен теңсіздікті азайту мәселелері тақырып өзегіне айналды. Басқосуға қазақстандық делегация да арнайы қатысты.

Аида Құрманғалиева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы:

Айта кету керек, Қазақстан кедейлікті жою және теңсіздікті азайтуға бағытталған мыңжылдықты дамыту мақсатын  2004-2005 жылы орындады. 2007 жылы ел Үкіметі мыңжылдықты дамытудың жаңа мақсаттарын қабылдады. Соған сәйкес, 2015 жылы ауылдық жерлердегі кедейлікті 2 есеге дейін қысқарту көзделіп отыр.

Еліміздің кедейлікті жоюға бағытталған тәжірибесі форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.

Негізгі баяндамашылардың бірі ретінде сөз алған еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева Елбасы ұсынған кедейлікті жоюға негізделген Жол картасын әзірлеу бастамасына тоқталды.

 Аида Құрманғалиева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы:

 Биыл мамырда өткен Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мен Дүниежүзілік банкпен және өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, әлемдегі кедейлікті жоюға негізделген Жол картасын әзірлеу бастамасын көтерді. Қазақстан интерактивті алаң ретінде «G-global» интернет-платформасын пайдалануды ұсынған болатын.

Саяси форумға әлемнің түрлі мемлекеттерінен келген 500 делегат қатысты.  Жиын аясында әр елдің парламент депутаттары, үкімет мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдері  теңсіздікпен күресу турасында пікір алмасты.

Гүлдария ШАМҰРАТОВА

Хабарламаларға жазылу