«Астана - рухы биік халықтың айнасы». Елорданы 16 жылдығымен құттықтаған Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди осылай дейді.
Cаясаткердің айтуынша, Елорданы Алматыдан Астанаға ауыстыру - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең ұтымды шешімдерінің бірі.
Профессор Проди елордаға алғаш құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан кезде келіпті. Сол уақыттан бері еліміздің бас қаласына бірнеше мәрте сапарлаған мейман Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында да Астананы дамытуға ерекше көңіл бөлінгеніне қуанышты.
Романо Проди, Италияның бұрынғы премьер-министрі:
Ел астанасын бір қаладан екінші қалаға көшіру - оңай шаруа емес. Жеті рет пішіп, бір рет кесетін өте маңызды, әрі жауапты шешім, деп айтар едім. Кезінде осындай тәуекелге Бразилия барып еді. Қазақстан Президентінің де идеясына күмәнмен қарағандар болды бастапқыда. Қазір қараңызшы. Қаланың сәулеті қандай керемет. Бір-біріне ұқсамайтын жаңа стильдегі ғимараттар көздің жауын алады. Мен әр барған сайын қала адам танымастай өзгергенін көремін. Жалпы, Астананың гүлденуі, ел халқының мамыражай өмір сүруі, қазақ елінің бүгінде әлемге әйгілі болуы - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Сондықтан, Қазақстан мен оның ажарлы Астанасы қарқынды дами беруіне тілектеспін.
Нұрсұлу ҚАСЫМ