Қазақстанның бүгінде тұрмысы берекелі, тірлігі мерекелі. Небәрі 23 жылдың ішінде талай биікті бағындырып үлгерді.
Бұл әрине, стратег Нұрсұлтан Назарбаев саясатының нәтижесі. Тек қазақстандықтар ғана емес, әлем көшбасшылары осылай ойлайды.
Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті:
Қазақстан ауыр жолдардан өтті. Бүгінде дамудың даңғыл жолында. Бұл - сіздердің тарихтарыңыздың алтын дәуірі. Кеңес Республикаларының ішінде соңғы орындарда болған мемлекет қазір көптеген экономикалық көрсеткіштер бойынша көш басында. Қазақстанның жетістіктерін Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатымен байланыстырамын. Немерелері мен шөберелерінің мақтанышына айналуы үшін өз мемлекетін бай, бақуатты ету үшін 100-200 жыл бұрын алдыға қарайтын адамдар бар.
Энтони Чарльз Линтон Блэр, Ұлыбританияның экс-премьер-министрі:
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстан бірталай экономикалық жетістікке жетті. Қазір ашық әрі таза инвестициялық климатты дамытуға ден қойылып отыр. Бұл ең алдымен, Қазақстанның жеткен жетістіктерін көрсетіп, насихаттауға, сондай-ақ, Орталық Азиядағы басқа да мемлекеттерге үлгі болады, деп ойлаймын. Менің білуімше, британдық компаниялар Қазақстандағы инвестицияларын жоғары бағалайды және инвестициялаудың жаңа мүмкіндіктерін іздейді.
Джек Стро, Ұлыбритания саясаткері:
Қазақстан және Назарбаев бейбітшілікті орнату үшін сүбелі үлес қосты. Қазақстаннан үлгі ала отырып, бірнеше мемлекет өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Менің ойымша, барлық әлем Қазақстанға алғыс айтуы керек.
Индира БЕГАЙДАР