«Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары тәжікстандық әріптесімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары тәжікстандық әріптесімен кездесті

23.04.2014
«Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары тәжікстандық әріптесімен кездесті
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тәжікстандық әріптесі Асрор Латиповпен кездесті. Кездесу кезінде партияаралық өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды.
 
Сондай-ақ, тараптар қазақ-тәжік достығын тату көршілік байланыстыратынын атап өтті. Ал, мәртебелі мейман бұл сапардың маңызы зор екенін айтты.
 
Сапар барысында тәжікстандық делегация Тұңғыш Президент мұражайы мен «Нұр Отанның»қоғамдық қабылдау бөлмелерін аралап көрді. Онда оларға электрондық партия жобасы және қабылдау бөлмелерінің жаңа жұмыс жүйесі таныстырылды.
 
Кездесудің қорытындысы бойынша, партиялардың ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:  
Партиямызға биыл 15 жыл толды және біз Сіздердің партияларыңыздай еліміздегі басқарушы, доминанттық саяси күшпіз. Негізгі мақсатымыз - бірлік, келісім, бейбітшілік пен толеранттылықты қамтамасыз ету. Өйткені, біздің Мемлекетіміздің басшысы айтқандай, тек бірлік пен келісім жағдайында ғана еліміздегі экономикалық өсім мен дамуды қамтамасыз ете аламыз. Мен жоспарланған кездесу мен Меморандумға қол қою партияаралық байланысты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын.
 
Асрор Латипов, Тәжікстанның Халықтық-демократиялық партиясының төрағасы:
Бізде де қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Алайда, бүгінгі көргендеріміз  ерекше. Мұндай кең көлемдегі шараларды әлі еш жерде кездестірген жоқпыз. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысынан халықтың сіздерге деген сенімі байқалады. Шешілмей жатқан мәселелер де бар. Алайда, біз осы жерде шешуге болатынын байқадық.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу