Бүгін, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясында аса маңызды екі кездесу өтті. Алғашқы болып, Жапонияның Қазақстандағы елшісі келді. Дипломат мырза - Қазақстанның сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу, сайлау заңнамасы және оны іс жүзінде қалай қолданатындығымен танысты. Елшімен кездесуден соң, бұл мекемеге БҰҰ-ның өкілдері бас сұқты. Гендерлік теңдік құжатын қолтықтай келіпті. Ашық әңгіме, келелі кеңес болды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың Жапонияның Қазақстандағы елшісі Камохара Масаёси мырзамен кездесуі өтті. Жиын барысында төраға Елші мырзаны Орталық сайлау комиссиясының ағымдағы қызметі, былтырғы жылдың жазында өткен ауыл әкімдерінің сайлауы, биыл өтетін Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауына дайындық жайын, сондай-ақ комиссияның қысқа мерзімді келешек жоспарлары хақында ақпараттандырды.
Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Орталық сайлау комиссиясы өзара әрекеттесудің барлық деңгейінде тәжірибе мен ақпарат алмасу үшін халықаралық ұйымдар шеңберінде де, сонымен қатар екіжақты кездесулер шеңберінде де, сыртқы байланыстарды белсенді дамытады. Ынтамақтастықтың өзара тиімді, жемісті және сындарлы сипаты бізге демократиялық сайлауды ұйымдастыру мен өткізу аясында әр елде жинақталған тәжірибемен тиімді алмасу мүмкіндігін береді.
Сондай-ақ, орталық сайлау комиссиясына БҰҰ-ның әйелдер мәселесі жөніндегі сарапшылары келді. Кездесуде тараптар Қазақстандық әйелдердің сайлауға қатысу белсенділігі, жоғары лауазымдарға сайлану, тағайындалу мүмкіндіктерін саралады.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесі:
Елімізде жылдан жылға әйелдердің саяси белсенділігі артып келеді. 1995 жылдары сайлауға қатысатын әйелдердің саны 10 пайыз болатын болса, қазір 25-30 пайызға дейін өсті. Біздің жоғары органдарда Мәжілісте әйелдердің саны 26 пайызға, ал мәслихаттарда 18-20 пайызды құрайды.
Кездесу соңында халықаралық сарапшылар Қазақстандағы гендерлік саясаттың өз деңгейінде орындалып жатыр, деп бас изесті. Іс-шара аяқталған соң тараптар, екі жақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейіп нығаятынына сенім білдірді.
Нұрбек БЕКБАУ